Бүгінде инвестор есебінен салынған мектептердің қатары мегаполисте көбейіп келеді. Бұл халық саны күннен күнге артып келе жатқан мегаполистің білім саласында туындаған түйтікілдерді шешуге өз ықпалын тигізуде. Яғни, бала саны көп мектептердің жүктемесі сәл де болсын азаяды. 2020 жылдан бастап еліміздегі барлық қалалық мектептер жан басына қаржыландыру жүйесіне көшті. Аталған жүйе Шымкент қаласында өз нәтижесін беруде. Былтыр 21, биыл 20 мектеп жеке инвесторлар есебінен салынуда.
Биылғы оқу жылында осындай бірқатар білім ошақтары оқушыларға есіктерін айқара ашпақ. Соның бірі Ә.Жангелдин көшесінде орналасқан «№1 TALANT» жалпы білім беру мектебі. 1200 орынға лайықталған 5 қабаттан тұратын оқу орны жобаға сәйкес 60 оқу бөлмесі, 48 кабинет, асхана, спорт залы, мәжіліс залы, медициналық кабинеті бар. Яғни, аталмыш мектеп оқу жылына балаларды қабылдауға толығымен дайын.
Лингвистикалық элиталы бастауыш мектеп те оқушыларды қабыддауға сақадай сай отыр.
Қонаев даңғылында «OSCAR» лингвистикалық элиталы 480 орындық жекеменшік бастауыш мектебі 3 қабатты, 30 оқу бөлмесінен тұрады. Асхана, спорт залы, мәжіліс залы, медициналық кабинет те қарастырылған.
Мектеп жаңа оқу жылына 95 пайыз дайын. Бүгінде мұнда жиһаздар қойылуда. Акт, спорт залға жұмсақ төсеніштер қойылып, асханаға қажетті заттарды да орналастыруда.
2022-2023 оқу жылында оқушыларды қабылдауға әзір тұрған келесі білім ошағы «Жас Дарын-3» мектебі. Өткен аптада шаһар басшысы М.Әйтенов аталған мектептің құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. 300 орынға лайықталған мектеп 3 қабаттан, 12 оқу бөлмесі, 8 кабинет, асхана, спорт залы, мәжіліс залы, медициналық кабинеттен тұрады.
Абай ауданы Темірлан тасжолы көшесі,19/2 ғимаратта орналасқан. Білім мекемесі оқу жылына 98% дайын. Қазіргі таңда «брусчатка» төсеу, қоршалуы мен абаттандыру жұмыстары жүруде.