Мегаполисте жалпы кәсіптік оқытуларға жолдама шілде айының басынан беріле бастады. Бұл туралы Ақпараттық — коммуникациялық орталығы алаңында Шымкент қаласы әкімдігі «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің директоры Әсет Шағдат Әсетұлы айтты. 2021 жылы Шымкент қаласы бойынша нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының І-бағыты аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 2500 азамат жолданды. Оларды 25 білім беру мекемесі 31 мамандық бойынша оқытқан болатын.
Биылғы кәсіптік оқытудың ұзақтығы біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктерінен шыға отырып 3 ай мерзімді құрап отыр.
2022 жылы «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында жұмыс берушілердің сұратуы бойынша оқу ұйымдарында жұмыссыз 1632 азаматты оқыту жоспарлануда. Оның 832-сі жастар. Сонымен қатар, «Жұмыссызды жұмыс берушілердегі жұмыс орнында кәсіптік оқытуды ұйымдастыру» бойынша 760 азаматты оқыту жоспарланса, оның 220-сы жастар санатындағылар екендігін жеткізді. Қызмет көрсету саласында 12 мамандық бойынша 795 адам, ауыл шаруашылығы саласында 3 мамандық бойынша 75 адам, өндіріс саласында 7 мамандық бойынша 1310 адам, құрылыс саласындағы 9 мамандық бойынша 320 адам арнайы білім алып, сертификатқа ие болған.
Сондай-ақ, skills.enbek.kz онлайн режимде кәсіптік оқыту платформасында ағымдағы жылдың 9 наурыздан бастап қолданыстағы функционал оңтайландырылды және жаңа сервистер іске қосылды. Қазақстандықтарға кәсіби өсу және дағдыларды арттыру мүмкіндіктерін қамтамасыз ету үшін платформада курстарды іздеу жетілдірілді, сабақтардың түсінікті құрылымы құрылды, оқыту процесін қадағалау және курс авторларымен жылдам өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігі бар. Бұл сертификат enbek.kz электрондық еңбек биржасында тіркелген кезде білім алушы жасаған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Түйіндемені қарау кезінде әлеуетті жұмыс беруші skills.enbek.kz-те табысты оқудан кейін алынған сертификаттарды көретін болады.
https://skills.enbek.kz/ онлайн платформасында Шымкент қаласы бойынша 1976 азаматты оқыту көзделсе, олардың 998-ы жастар болмақ.
Биыл жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес, оқу ұйымдарында жұмыссыздарды кәсіптік оқытуды ұйымдастыру бойынша 74 жұмыс берушіден 29 мамандық бойынша өтінім түсті.
2022 жылы оқуға жолданғандардың шәкіртақысы адам басына 20 948 теңгені құрап отыр. Сондай-ақ, 6 126 теңгені құрайтын бір реттік материалдық көмек те қарастырылған.
Мегаполисте жастарды жұмыспен қамтуда да тиімді бағдарлама жүйелі түрде жүзеге асуда. «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша кез-келген жас жұмысқа жолдама алуға мүмкіндік бар. Бағдарламаның екінші бір тиімді тұсы, бағдарлама жалақысы жылдағыдан көтеріліп бүгінде 91 890 теңгені құрап отыр. Яғни 30 айлық есептік көрсеткіш. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысу мерзімі 6 айдан 12 айға дейін ұзартылды. Аталмыш бағдарламаға жасы 29 аспаған «жұмыссыз» мәртебесі бар кез-келген соңғы үш жыл ішінде жоғарғы оқу орындары мен кәсіби мамандығы бар жас қатыса алады. Тағы бір ескере кететін жайт бұл бағдарлама аясындағы жұмыстар уақытша болып есептеледі.
«Өздеріңізге белгілі, «Жастар практикасы» елімізде біраз жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан ауқымды бағдарлама. Еліміз бойынша, оның ішінде Шымкентте аталған бағдарламаға қатысып, мамандығы бойынша жұмысқа жолданып, тұрақты жұмысқа орналасып жатқан жастар өте көп. Мысалы, 2021 жылы Шымкентте 2500-ден астам жас «Жастар практикасы» бағдарламасымен жұмысқа жолданған болса, олардың 1300-дейі барған жерлерінде тұрақты жұмысқа орналасқан» — деді спикер.
Спикердің сөзінше, ағымдағы жылы аталған бағдарламамен 2098 жасты қамту жоспарланып отыр. Жыл басынан 1000-нан астам жас жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз жас ретінде тіркеліп, тиісті жұмыс орындарына жолдама алған. Қазіргі таңда олар өздерінің мамандықтары бойынша жұмыс істеуде.
Сондай-ақ, жуырда өткізілген жиында мәлім болғандай ШЫмкентте 3 мыңға жуық ана тұрақты жұмыспен қамтылған екен. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысында «Бақытты жанұя» орталығының басшысы А.Қалымбет мәлімдеді.
Комиссия төрағасы, қала әкімнің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, құзырлы мемлекеттік органдар және жергілікті үкіметтік емес ұйым басшылары қатысқан жиында Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша бірқатар мәселелер қаралды.
Отырыста көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көрсетіліп келетін көмектің жай-жапсарын баяндаған «Бақытты жанұя» орталығының басшысы 4 269 ана жұмыспен қамту шараларына тартылғанын, 1225 ана қоғамдық жұмыспен қамтылғанын және 2 882 ана тұрақты жұмыспен қамтылғанын атап өтті. Сонымен бірге, 373 ана кәсіптік тегін оқу курсынан өтіп, 162 ана мемлекеттік грант алған.
Бұдан бөлек, жиында «Әйелдердің репродуктивті денсаулығын қорғау: ана мен бала өлімінің проблемалары туралы» денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Асылбеков, «Қиын өмірлік жағдайға тап болған, отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтардың дағдарыс орталығындағы жағдайы, өзекті мәселелері туралы» №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының басшысы Н.Асанов баяндама жасады.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Шымкент қаласының әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Өңірлік комиссия тарапынан тиісті жұмыстарды жүргізу бойынша бірқатар құзырлы органдарға ұсыныстар берілді.










