Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде туризмді дамытудың бірнеше мемлекеттік жобалары қабылданды. Ал бүгінде әлемді жайлаған індеттен соң еліміздің қазіргі экономикалық жағдайда шикізат көзіне тәуелділіктен арылып, ішкі туризмді дамыту ерекше қажеттігін көрсетіп отыр. Індеттен кейін отандық туризмге бет бұруды қолға алып үлгермесек, туризм саласының мүшкіл жағдайын кейін ретке келтіре алмайтынымыз анық. Аймақтарымыздағы туристік-рекреациялық нысандарды пайдалана отырып, жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз ету жолдарын қарастыруымыз қажет. Бұл туралы Президентіміз де өзінің кезекті бір Жолдауында ішкі туризмді дамытудың айқын бағыттарын көрсетіп берді. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында өткен аптада Маңғыстау төрінде мегаполис басшысы Мұрат Әйтенов Нұрлан Ноғаевпен кездесу өткізді.
Кездесудің басты мақсаты да сол – Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысы арасында екіжақты ынтымақтастықты нығайтып, туристер легін арттыру жолында бірлесе жұмыс істеу.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездесті. Шаһар басшысы еліміздің мұнайлы өлкесі және ірі туристік орталықтарының бірі – Маңғыстау төрінде іскерлік кездесу өтіп жатқанына қуанышты екенін жеткізді.
Кездесу аясында тараптар өңіраралық туризм саласын дамыту бойынша өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Сонымен қатар, “Rixos Khadisha Shymkent” пен “Rixos Water World Aktau” қонақ үйлері және “Garant Tour” туристік компаниясы мен “Aizhelken group” ЖШС арасында екіжақты келісім орнады.
Үшінші мегаполис басшысы өз сөзінде қазіргі таңда әлемде орын алған пандемияға байланысты ішкі туристік өнімдерге сұраныс өскенін айтты. Ресми статистика бойынша, 2021 жылы еліміздегі ішкі туристер ағыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 53%-ға артқанын сөзге тиек етті. “Visit Shymkent” туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен өткен “Бақытты қалаға саяхат” байқауында Ақтау тұрғыны ұтып, Шымкент қаласына 2 күндік тегін саяхат жасағанын да айтып өтті.
Айта кетерлігі, Шымкентке Әз Наурыз мерекесі қарсаңында алғаш рет келген ақтаулық тұрғын, қаладағы тарихи және мәдени нысандармен, сондай-ақ қала өмірімен танысып, “ДәмДәсTour” ресторандар жәрмеңкесі арқылы шаһардың гастрономиясымен де танысқан болатын.
Нұрлан Ноғаев та кездесу екі өңірдің арасында отандық туризм саласында өзара тиімді қарым-қатынастар географиясын кеңейтуге, туризм индустриясында шағын және орта бизнестің дамуына, туристік қоғамдастық арасында байланысты біріктіру мен нығайтуға оң ықпал ететіндігіне сенім білдірді.
Бүгінде Шымкентте туризмді дамытуда бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда. Үшінші мегаполисте туризмнің менеджменті мен маркетингіне жаңа көзқарас қалыптасып келеді. Құзырлы органдар бірлесіп, заң атқару іс-әрекетін ретке келтіре отырып, сенімділік, тазалық, баға, сапа және туристік бизнеске қажетті бақылауды күшейтуде
Шымкент қаласы еліміздің республикалық маңызы бар қала статусы алғалы тағы бір даму кезеңіне аяқ басты. Қалада соңғы жылдары бойы бой көтерген сәулетті ғимараттар мен мәдени нысандар туристердің қызығушылығын айтарлықтай өсірді. Сондай-ақ, Ұлттық құндылық этникалық туризмді дамытуда да Шымкенттің алар орны ерек. Себебі, ұлттық құндылық пен көнеден келе жатқан салт-дәстүр ұстану бүгінге дейін өзекті. Адам өміріндегі ең маңызды оқиғалар: шілдехана, бесік той, тұсау кесер, сүндет той, қыз ұзату, беташар той сынды рәсімдер кез келген туристерді қызықтырмай қоймайды. Сондай-ақ, күнгейдегі елдің тартымдылығының мыңжылдық құпиясы климатының жайылылығында.
Ал, жалпы ішкі туризмді дамыту және туристік саладан түсетін табысты арттыру мақсатында бүгінде Шымшаһар туризмін дамытудың 5 бағыты айқындалып отыр. Олар жүйелік іс-шаралар, туристік инфрақұрылымды жақсарту, маркетингтік ілгерілету, сыртқы байланыстарды және медициналық туризмді дамыту.
Шымкент – Қазақстан бойынша тіршілігі қайнаған қалалардың бірегейі. Мұнда шығыс айналма жолынан келе жатқанда Алып Бәйдібек би ескерткішінің тұсынан қаланың керемет понарамалық көрінісінің куәсі бола аласыз.
Жоғарыда баяндалған бес бағыттың бірі маркетингтік ілегерілету болса, саяхатшыларды Шымкенттің көрікті жерлерімен таныстыру мақсатында қаңтар айында «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығы құрылған. Онда «бір терезе» қағидасы бойынша қала тұрғындары мен қонақтарына ақпараттық-консультациялық көмек көрсетіліп келеді. «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығы бүгінде мегаполистің «визиткасы» іспетті. Орталық қаладағы бөлімшелерінен өзге, оның туристерді ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында іске қосылған «Visit-Shymkent.kz» туристік порталы мен мобильдік қосымшасы аз ғана уақыт ішінде қала қонақтарының компосына айналып үлгерді. Портал арқылы қала аумағында болып жатқан мерекелік іс-шараларға, тарихи-мәдени нысандарға, театр қойылымдарына билет ала аласыз. Портал қолөнершілердің бұйымдарына тапсырыс беруге, қалаға ұшып келетін рейстер таблосын көруге, ұшақ және темір жол билеттерін сатып алуға, гид-экскурсоводтардың қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді. Портал арқылы түрлі мәдени нысандарға 38 мың 414 билет сатып алынған. Ал, сайттың іздеу жүйесін 72 мыңға жуық адам пайдаланған. Қолданушылар қатарын ҚР азаматтары ғана емес, ТМД елдері және шетел азаматтары да құрайды. Жалпы бүгінгі күнде бағдарламаны жүктеп алушылар саны 1000-ға жуықтаса, қызмет көрсету саны 130 мыңнан асқан. Сондай-ақ, орталық тәулігіне 200-250 туристке үш тілде қызмет көрсете алады. Call-орталық қызметі де тәулік бойы қолжетімді.











