Шымкент қаласында биыл тұрғын үй сертификаты үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қаржы қаралып отыр.
Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20», «5-10-20» бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде беріледі.
Аталған әлеуметтік көмек бойынша қазіргі таңда жұмыстар жүргізілуде. Өтінімдерді қабылдау әзірге басталған жоқ. Алдын ала ақпараттандыру үшін БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жарияланатын болады.
Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір үміткер үшін 1 млн. (бір миллион) теңгеден аспайтын бірыңғай мөлшерде айқындалған.
Тұрғын үй сертификатын алушылар санатына – мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер жатады.
Тұрғын үй сертификаты әлеуметтік көмек ретінде өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінде ағымдағы қаржы жылына заңнамада белгіленген айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен аспайтын (2022жылға-37 389теңге) соңғы 6 (алты) ай ішінде орташа табысы (115 905 теңге) болған жағдайда беріледі. Зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығы және өзге де міндетті аударымдары бұл аталғандарға қосылмайды.
Қала күніне орай «Арбат» алаңында жұмыссыз азаматтарға арналған «Мүмкіндіктер алаңы» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Аталған іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысты.
Жәрмеңкеде Шымкент қаласындағы 100-ге жуық жұмыс беруші мекемелер қатысып, 5000-нан аса жуық медициналық, техникалық және педагогикалық мамандықтары бойынша тұрақты және уақытша бос жұмыс орындары ұсынылды. Атап айтқанда, «Арт-құрылыс», «Каз Транс Аймақ», «Halyk Bank» АҚ, «Magnum Cash Carry», «Назар Текстиль» және т.б қаладағы арнаулы экономикалық аймақтағы кәсіпорындар мен мектеп, бала-бақшалар.
Жәрмеңкеге қатысқан шаһар басшысы М.Әйтенов осындай шаралардың арқасында жұмыссыздықты азайтуға септігін тигізетінін сөз етті.
– Әлеуметтің әлеуетін көтеру, бұқараны жұмыспен қамту мақсатында елімізде көптеген бағдарлама қабылданып жатыр. Қазіргі кез келген мемлекеттің әлеуетін көрсететін, бәсекеге қабілеттілігін танытатын негізгі көрсеткіштердің бірі – сол елдегі әлеуметтік жағынан, сонымен бірге жұмыспен қамтылған халықтың үлесі. Бүгінгі қала тұрғындарына арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі жұмыс іздеп жүрген азаматтардың санын азайтып, жұмыссыздарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін бірден-бір мүмкіндік.-деді қала әкімі.
Шара барысында қала тұрғындарына, халықтың осал топтарына да 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберіндегі «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім-шарты», «Күміс жас» және т.б. уақытша жұмыс орындары ұсынылды.Сондай-ақ, жұмыс іздеушілерге қызмет көрсету бұрыштары орнатылып, онда жас мамандарға түйіндеме толтыру, психологиялық көмек, және өзге мәселелер бойынша кеңес берілді. Сонымен қатар, Солтүстік өңірлерге қоныс аудару бойынша әр өңірдің өкілдері қала азаматтарын ақпараттандырды.
Жалпы, жыл басынан бері Ұлттық жоба шеңберінде 7 мыңнан астам шымкенттіктер жұмыспен қамту шараларына қатысты. Оның ішінде жұмыспен қамтылған жастардың қатарында 991-і жастар практикасымен, ал 160-ы алғашқы жұмыс орны жобасына қатысып, 100-ден аса азамат әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты. Ал, 226 шымкенттік жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға бағытталған қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болды.