Шымкент қаласында Мұрат Әйтеновтың бастамасымен жүзеге асырылып, үш айға созылған байрақты бәсеке — «Шымкент жастар лигасы» өз мәресіне жетті.
Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Мемлекеттің ертеңгі күн тұтқасын ұстайтын, ұлт мүддесін, халық қамын ойлайтын жастарды тәрбиелеп қалыптастыру – әрбір ата-ананың, мектептегі мұғалімдердің мойнындағы міндеті. Бала – тәрбиенің үштен бірін үйдегі ата-анасынан алса, тағы бірін мектептен, қалғанын қоршаған ортасынан, айналасындағы адамдардан, достарынан алады.
Қазақстанның әрбір азаматын бала жастан дене тәрбиесімен айналысуға тарту үлкен маңызы бар мемлекеттік міндет екендігі еліміздің негізгі заңында көрініс тапқан. Ата Заңның 24 және 29-баптарында азаматтардың демалуға және денсаулығын сақтауға құқы бар екендігі атап айтылған.
«Қажымұқан» орталық стадионында өткен финалда N65 мектеп командасы N90 мектеп командасын 3:1 есебімен жеңіп, футболдан ЖАСТАР ЛИГАСЫ 2022 жылдың чемпионы атанды. Жобаның жабылу рәсіміне қала әкімі арнайы қатысып, балаларды жеңіспен құттықтады.
Жоба мектеп оқушыларының бос уақытын ұйымдастыру, бұқаралық спортты дамыту және ҚР чемпионаттарына команда жасақтау мақсатында екінші рет ұйымдастырылып отыр. Жобаға деген қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Өткен жылы 140 мектеп қатысқан болса, биылғы біріншілікке спорттың төрт түрінен қаладағы 151 орта мектептен 6 мыңға жуық оқушы қатысты.
Жарыс спорттың футбол, волейбол, баскетбол, сонымен бірге интеллектуалдық шахмат ойындарынан өтті. Жалпы жүлде қоры 80 млн. теңге. Жеңімпаз командаларға 20 млн. теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді.
–«Шымкент жастар лигасы» Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған кешенді бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қаламызда екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жоба жастарды патриот, отансүйгіш, елжанды етіп тәрбиелеуге септігін тигізеді. Себебі, спорт денсаулықтың ғана кепілі емес, ол адамды табандылыққа баули отырып, ерік-жігерін шыңдай түседі. Бүгінгі жарыста жеңіске жеткен оқушылар тек спортта ғана емес, олар өз мектебінің абыройы мен беделі үшін атсалысты. Бүгін өзі білім алатын алтын ұя мектебінің намысын қорғаған жас жеткіншектер ертең ер жеткенде елінің де намысын қорғайтын, Отанына адал қызмет ететін азамат болады деп сенемін.Сондықтан бүгінгі жеңістеріңіз өмір жолдарыңыздың үлкен бастауы болсын! — деп тілек білдірді қала басшысы Мұрат Әйтенов.
Осы спорттық жарыстарға төрелік етуге және ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге 400-ге жуық дене шынықтыру және спорт саласының мамандары жұмылдырылған.
Лига нәтижесінде:
♟️ ШАХМАТ
І-орын Ө.Жолдасбеков атындағы №9 IT мектеп-лицейі
ІІ-орын Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы
ІІІ-орын Т.Тажибаев атындағы №47 мектеп-гимназиясы
🏀 БАСКЕТБОЛ
І-орын — М.Х. Дулати атындағы №8 мектеп – гимназиясы
ІІ-орын — Әл-Фараби атындағы №113 жалпы орта білім беретін мектебі
ІІІ-орын — Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы
🏐 ВОЛЕЙБОЛ
І-орын — Әл-Фараби атындағы №113 жалпы орта мектеп
ІІ-орын — Ахмет Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясы
ІІІ-орын — Ж.Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназиясы
⚽️ ФУТБОЛ
І -орын № 65 жалпы орта білім беретін мектебі
ІІ-орын № 90 мектеп-гимназиясы
ІІІ-Т.Тажибаев атындағы №47 мектеп-гимназиясы
Салтанатты кеш концерттік бағдарламаға ұласты.
Алдағы жылдары қазақстандықтарды ғылым мен экономика саласындағы жетістіктер ғана емес, денсаулық, дене қуат жақтарынан және өмірге сергектікпен қарайтын соны серпілістер күтіп тұр. Бұл серпіліс адам денсаулығын күшейтіп, көңіл-күйін жақсартып, ерік-жігерін жанып, өмірге талпынысты арттырып жеңістерге жетелейтіндіктен еліміздің дамуындағы барлық саланы қамтиды деп айтуға әбден болады. Бүгінніңөзінде Шымкент қаласында спорт саласында жетістіктер жетерлік. Әсіресе, жыл басынан түрлі халықаралық додаларда көш бастап, жүлделі орындарды қанжығаларына байлап келген спорт саңлақтарымыз баршылық. Мәселен, өткен аптада шымкенттік мергендер Мария Дмитриенко мен Виктор Хасянов нысана көздеуден әлем кубогының қола жүлдесін жеңіп алды.
Қазір Әзербайжан астанасы Бакуде нысана көздеуден әлем кубогы өтуде. Жарысқа әлемнің 65 елінен 800-ден астам спортшы қатысып жатыр. Ересектер арасындағы «trap/mix» аралас жаттығуының ақтық сынағында шымкенттік спортшылар жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Мария Дмитриенко 2016 жылы Бразилиядағы XXXI-жазғы Олимпиада ойындарына қатысты, жеке есепте 8-орынды иеленіп, әлемнің ең мықты 10 мергені қатарына енген спортшы.
Қазақстан құрама командасы мылтық, тапанша, трап, скит, командалық және аралас жаттығулар бойынша өз шеберліктерін көрсетуде.
Бакудегі Әлем кубогы спортшылар үшін өте маңызды бастама. Өйткені онда рейтингті көтеру арқылы спортшылар Олимпиада ойындарына қатысуға квота алады.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы ISSF Олимпиадасында Қазақстанның намысын 3 мерген қорғап, олимпиадалық лицензия алған болатын. Оның ішін шымкенттік спортшылар Зоя Кравченко мен Юрий Юрков да бар.
Одан бөлек ауыз толтырып айтатындай жетістік Р.Сабыржан мен П.Шадияр жуырда Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен ХХІV Жазғы Сурдлимпиада Ойындарында күміс жүлдесін жеңіп алды. Осы Олимпиадаға 100 мемлекеттен спорттың 21 түрінен 3500 жуық спортшы қатысты.Қазақстан Республикасының құрама командасынан 65 спортшы (Шымкент қаласынан С.Рсалы, Ш.Пернеш.) қатысып, 4-алтын, 7-күміс және 18 қола медальмен командалық есепте 13-ші орыннан көрінді.
Осы кезге дейін қол жеткізен жетістіктер Шымкент қаласындағы спорт саласындағы бағындырған белестердің бір парасы ғана. Одан бөлек қарапайым жастардың спортпен айналысуына бүгінде мол мүмкіндік қарастырылып отыр. Оның бірі және бірегейі балаларды барлық спорт түрлеріне тегін қатысуға мүмкіндік сыйлап отырған «ART Sport» бағдарламасы бойынша балаларға тегін спорт және өнер үйірмелерінің жұмыс жасауы. Бұл өз кезегінде өскелең ұрпақ арасында болашақ чемпиондардың топ жарып шығуына септігі мол.