Халықаралық, республикалық кез-келген шаралар Шымкент қаласының туризмінің дамуына айырықша сеп болады. Бұл бағытта мегаполисте жоспарлары жүйелі. Аптаның алғашқы күнінде, «Қала күніне» орай миллионды қалада қазақша күрестен «Шымкент барысы» республикалық турнирінің іріктеу кезеңі басталды. Белдесуде 90 келіден астам салмақ дәрежесінде 26 балуан күш сынасты.
Жарыс Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы орталық стадионның жеңіл атлетикалық аренада өтті. Турнирдің ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов балуандарға сәттілік тіледі.
–Ұлттық спорт түрлері ата-бабаларымыздан келе жатқан асыл мұрамыз. Біз оны көзіміздің қарашығындай сақтап, дамытуымыз керек. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз аз емес. Оның айғағы ретінде қазақ күресінен Әлемдік деңгейде биік тұғырлардан көрінген, Әлем Чемпионатының жеңімпазы, Әлем Барысының күміс жүлдегері, Евразия Барысының жеңімпазы — Ерсұлтан Мұзаппаров және Әлем Чемпионатының жеңімпазы, Азия Чемпионатының үш дүркін жеңімпазы — Әділжан Истабаевты айтып өтуге болады. Бүгінгі жарыс барысында балуандарға сәттілік тілеймін, -деді қала әкімі М.Әйтенов.
Жарысқа Әлем және Азия Чемпионатының жүлдегерлері, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, спорт шеберіне үміткерлер қатысты.
Жарыс қорытындысымен ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «ҚАЗАҚСТАН БАРЫСЫ» республикалық турниріне жолдама жеңіп алған спортшыларымыз анықталды.
Жүлделі 1-орын алған Мұзаппаров Ерсұлтан және де 2-орынға ие болған Темірхан Нұрсат «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне жолдама алды, спортшыларымыз қала намысын қорғайтын болады.
Қазақ күресі Федерациясы тарапынан Мұзаппаров Ерсұлтанға автокөлік сыйлық берілді, Темірхан Нұрсат спортшымызға қаржылай 350 000 тенге, 3-орын иегері Қожагелді Нұрсұлтанға қаржылай 150 000 тенге сыйлық табысталды.
Қазіргі таңда қаланың 4 спорт мектебінде қазақ күресімен 466 спортшы кәсіби түрде шұғылдануда.