Леңгір тұрғыны 75 миллион теңге қарыз алып құмар ойынға тіккен, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Төле би АПБ-ға Леңгір қаласының тұрғыны арызданды. Оның айтуынша 30 жастағы ұлы үйінен белгісіз бағытқа шығып, қайта оралмаған. Сондай-ақ анасының өз баласын іздеп жүргеніне төрт тәулік болған. Алайда іздеу жұмыстарынан нәтиже шықпаған соң, полицейлерге хабарласқан.
Осылайша, іздеу жұмыстарына бір апта уақыт жұмсалды. Нәтижесінде, Түркістан полицейлері жоғалған жігітті Алматы қаласында жүрген жерінен тапты.
Белгілі болғандай, табылған жігіт өзінің таныстарынан 75 миллион теңге қарызға ақша алып, оны құмар ойынға жұмсап жіберген. Ол өз сөзінде қарызға алған ақшаларын қайтара алмағандықтан, Алматы қаласына қашып кетуге мәжбүр болғанын жеткізді.