Шымкент қаласында жыл соңына дейін мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жаңа жобалар іске қосылады.
Бүгін қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков жүзеге асырылатын бірқатар жобалардың жұмыс барысын бақылады. Қала басшылығы ең алдымен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ғимараттың әрлеу және қосымша жабдықтау жұмыстарымен танысты. Ерғали Дәулетбекұлы әсіресе қолданылған материалдардың сапалы болуын қадағалауды тапсырды.
Айта кетсек, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін қалалық аумақтық орталығы» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқулары бар 18 жасқа дейінгі балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетеді.
Қазір мұнда сал ауруына және жүйке жүйесінің ауруына шалдыққан 80-ге жуық бала ем қабылдайды. Олардың басым бөлігі қол арбасына таңылған. Дәрігер мамандар мен әлеуметтік сала қызметкерлері орталықта аптасына 5 күн таңертеңнен кешке дейінгі уақытта түрлі емдік шараларын көрсетеді.
Жалпы, Шымкент қаласында 36 942 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Оның ішінде 6515-і 18 жасқа дейінгі балалар. Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты 8 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы бар.
Қала әкімінің орынбасары сондай-ақ, алдағы уақытта зейнеткерлер мен көпбалалы аналарға әлеуметтік қызмет түрлерін ұсынатын орталықтарды ашу жұмыстарымен танысты. Осы мақсатта қалада орналасқан бірқатар ғимараттарды аралады. Ерғали Білісбеков бірінші кезекте ғимараттардың құрылыс сапасы мен қолданылған материал түрлеріне жіті назар аударды. Басты талапқа сәйкес замануи дизайн, пандус, желдеткіш, лифт пен көлік тұрағына дейін ыңғайлы болуы тиіс.
Басқарма басшысы Балмаржан Нарбекованың айтуынша, алдағы уақытта қаланың 4 ауданынан зейнеткерлерге арналған белсенді өмір сүру орталықтарын ашу жоспарланып отыр. Шымкентте зейнет жасына жеткен азаматтарға қазір «Асыл Жүрек» әлеуметтік-медициналық орталығы» жартылай стационарлық жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуде. Қарияларға қызмет көрсету үшін жоғары және бірінші санатты дәрігер кардиолог, терапевт, невропатолог және физиотерапевт дәрігерлері жұмылдырылған. Әлеуметтік – медициналық орталықта емдік денешынықтырудан бастап йога, би, бильярд, үстел теннисі, тренажерлық жаттығулар да қарастырылған. Қызмет алушылардың кино, сенсорлық бөлме, кітапханада демалуға да мүмкіншіліктері бар. Психолог маманынан кеңес алып, психологиялық тренингтерге қатыса алады.