113 қазақстандық «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды. Шешім ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысында қабылданды, деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Конкурстық іріктеуден өткен стипендиаттар енді магистратура мен докторантурада оқиды немесе әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар бойынша тағылымдамадан өтетін болады.
Естеріңізге сала кетейік, «Болашақ» стипендиясын тағайындау үш рет өткізіліп, қорытындысы маусым, тамыз және қараша айларында шығарылады.
«Стипендиялар медицина, жаратылыстану және әлеуметтік ғылымдар, білім беру, инновациялар мен жаңа технологиялар, креативті индустрия, сондай-ақ индустриялық инженерия бағыттары бойынша бөлінген. 2021 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға барлығы 1055 стипендия бөлінді, оның ішінде 555 стипендия магистратура, резидентура, докторантура бағдарламалары бойынша берілді. Сонымен қатар биыл алғаш рет «Ғалымдар» тағылымдамасының жаңа санаты бойынша 500 стипендия бөлінді. Аталған санат Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылды. Бұл шын мәнінде бұрын-соңды болмаған шара. Енді жыл сайын еліміздің 500 ғалымы әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтіп, соның ішінде осы орталықтардың зертханаларында бірлескен зерттеулер жүргізе алады. Біз ғалымдарымызды белсенділік танытып, шәкіртақы тағайындауға қатысуға шақырамыз», – деді Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Естеріңізге сала кетейік, «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау 4 мамырдан басталып, 28 қазанға дейін жалғасады.