«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Түркістан облысында жалпы ұзындығы 359 шақырым болатын автожолда 3 ақылы учаскені іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда:
Шымкент-Ташкент – 84 шақырым;
Шымкент-Қызылорда – 195 шақырым;
Шымкент-Тараз – 80 шақырым.
Қазіргі уақытта көлік құралдарының транзитін үздіксіз бақылайтын бағдарламалық-аппараттық кешендер орнатылып, бақылау аркаларын орнату жұмыстары толығымен аяқталды. Яғни, жүйе ашық болады, шлагбаумдар орнатылмайтындықтан, қозғалысқа шектеу қөойылмайды. Түркістан облысы аумағында барлығы 11 аралық бақылау аркасы орнатылды, оның 3-і Ташкент, 2-і Таразға, 6-ы Қызылорда бағытында.
Қазір жүйе сынақтан өтіп жатыр. 2021 жылдың маусым айында толық іске қосу жоспарланған.
Ақылы жолдармен жүріп өту үшін төлемақы мөлшерін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекітеді. Бұл ретте бұрыннан бар ақылы учаскелер (Нұр-сұлтан-Щучинск, Алматы-Қорғас және т.б.) бойынша төлемақы мөлшерлері негізге алынады.
Төлемнің 20-дан астам тәсілі қарастырылған. Бұл екінші деңгейдегі банктер (Каспи интернет-банкингін, Хоум банкті және т.б.), төлем терминалдары (Qiwi, woopay), сондай-ақ Кселл, Актив, Билайн сияқты ұялы байланыс операторларына СМС жіберу арқылы.
Сондай-ақ, жеңілдіктер де қарастырылған. Ақылы жолдарға іргелес аудан тұрғындары үшін 1 жыл мерзімге жеңіл көліктері үшін 1000 теңге мөлшерінде абоненттік төлем белгіленген. Бірақ жеңілдік алу үшін көлік құралы міндетті түрде сол ауданда тіркелуі керек.
Жеңілдік алу үшін:
- 1403 қысқа нөмірі бойынша байланыс орталығына хабарласу;
- Дербес шотты 1000 теңгеге толықтыру керек.
Клиенттермен жұмыс жөніндегі орталықтарда тарифтер, жиналған берешектер туралы ақпарат ресми түрде алуға болады.
Түркістан облысы аумағында клиенттерге қызмет ететін 4 орталық жұмыс істейді:
- Иқан кенті жанындағы айналма жолда, мекенжайы: Самара-Шымкент автожолының 2127 шақырымында, оң жағындағы демалыс алаңында (Шымкент бағытында);
- Машат кентінде: Алматы-Ташкент автожолының 648 шақырымында, оң жағындағы демалыс алаңында (Тараз бағыты бойынша);
- Атамекен кентінде: Шымкент-Ташкент автожолының 792 шақырымында, оң жағындағы демалыс алаңында (Шымкент бағытында)
- Шымкент қаласы Қонаев көшесі 21, «Алтын Орда» бизнес орталығы, 1 қабат.