Халықаралық музейлер күніне орай «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде хан көтеру рәсімі өтті. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген Абылай ханның қазақ тарихындағы орны мен ұлы тұлғаларымызды ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған тарихи-танымды қойылымды Р.Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды-драма театрының әртістері қойды.
-«Тарихи қойылым ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында, 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне және Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр.
Белгілі ғалым А.И.Левшиннің жазбаларынан «1771 жылы Түркістанда Абылайды қазақтың бас ханы етіп көтеру рәсімі өткен. Оған Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз хандары мен сұлтан-билері, ел қорғаған батырлары, «ташкенттіктер мен түркістандықтардың»таңдаулы өкілдері қатысқан. Және бұл салтанат Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде өтеді. Онда Құран оқылып, жиылған дүйім жұрт Абылайды «Ақ киізге» отырғызып, төбелеріне көтеріп, үш жүздің хан етіп жариялайды»,-деген деректерді кездестіруге болады.

Сондай-ақ, айтулы мерекелік күн аясында т.ғ.к. ясауитанушы Зікірия Жандарбектің «Қазақ хандығы кезеңіндегі Ясауи жолының ахуалы», т.ғ.д., профессор Хазіретәлі Тұрсынның «Түркістан легионының аңызы мен ақиқаты» атты бейнесұқбаты ұйымдастырылып, қорық-музейдің экскурсоводтары тарихи-танымдық онлайн экскурсиялар жүргізді.
