Ордабасы ауданында Ұлы Отан соғының ардагеріне автокөлік кілті табысталды. Аудандағы көзі тірі жалғыз ардагерге осылайша құрмет көрсетілді.
Салтанатты шара барысында жиналғандар құрбан болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Ардагер Мұрат Қалменов пен аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков бастаған аудан тұрғындары Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.
Отан үшін отқа түсіп, көкірегін оққа тосқан ардагерлеріміздің қатары күн өткен сайын сиреп барады. Сұрапыл соғыс отынан аман шығып, тәуелсіздік таңын көруге жазған Мұрат Қалмен атамыз соғысқа барған алғашқы күні туралы естеліктерімен бөлісті. Енді соғыс болмасын деген ақ тілегін арнап, батасын берді. Құрмет көрсеткен аудан әкімдігіне, тұрғындарға алғысын білдірді.
Биыл – Ұлы Жеңістің 76 жылдығы. Арадан қанша уақыт өтсе де, қайсар ерлердің есімі мәңгі ұрпақ жадында жаңғыра бермек.
Салтанатты шара концерттік қойылыммен жалғасты. Қанды майданда толарсақтан су кешіп, оқ пен оттың ортасында Отанын қасық қаны қалғанша қорғаған батырлардың бастан өткерген оқиғасын қойылыммен көрсетті. Тыл майданында еңбек еткен ана мен баланың жағдайын, соғыстан қайтқан батырларды, баласын сарыла күткен кейуананың жағдайын көрсеткен қойылым көпшіліктің көңілін босатты.