Педагогтердің мәртебесін арттыру, мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау институтын енгізу және педагогтерді мектептерге конкурс арқылы қабылдау бойынша қажетті заңнамалық нормалар қабылданды. Заң күшіне енді. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
Енді мектептер мен басқа да білім беру ұйымдарының директорларын ротациялау жүргізілетін болады. Егер бұрын директор педагогтерді жұмысқа қабылдау туралы шешімді жеке өзі қабылдаса, қазір шешімді конкурс қорытындысы бойынша арнайы комиссия қабылдайтын болады. Құжаттарды қарастыру және мұғалімдерді жұмысқа қабылдау процесі ашық түрде ұйымдастырылып, электрондық форматқа көшіріледі.