Облыс орталығында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Спорттық қала — дені сау тұрғындар» тақырыбында Түркістан қаласы әкімінің кубогі өтті. Аталған сайысқа жалпы саны 16 команда қатысты. Оның 7-сі ұл, 9 қыздар командасы. Олар ертеректе хабарланған https://sport.turkistanevent.kz сайты арқылы өтініш беріп, сайысқа қатысқан болатын. Ұйымдастырушылар ниет білдірген командалар саны өткен сайыстардан жоғары әрі белсенді екендігін айтады.
Шаhар басшысы Рашид Аюпов барлық командаларға сәттілік тілеп: «Пандемияға байланысты көптеген шектеулер болып жатқанына қарамастан, спортты дамытып, спортты жанына серік еткен жандарға мүмкіндік беруіміз қажет. Өйткені, спорт — денсаулығымызға күш-қуат беретін сала. Осы мақсатта, жыл басында күн жылына түсе, жыл соңына дейін түрлі спорт түрінен сайыстар өткізіп тұру бойынша шешім қабылдаған болатынбыз. Бұйырса, бастамамыз ойдағыдай өтсе, көрші облыс-қалалардың сайысшыларын шақыратын боламыз», — дей келе, рухани астананың абыройын арттырып, еліміздің көк байрағын жоғары көтере берулеріне тілектестігін білдірді.
Жарыс соңында қырағылық танытқан командалар қала әкімінің алғыс хатымен және сый-сияпаттарымен марапатталды. Алда сайыстар спорттың түрлі саласы бойынша жалғасып отыратын болады.