Шымкент қаласы опера және балет театрында «Домалақ ана» операсының таныстырылымы болды. Қуанышты хабармен бөліскен театр басшысы мен түсірілім тобы қойылымның барысы, дайындығы туралы айтты. Идеяның негізгі авторы мен бас кейіпкерді сомдаушы Майра Мұхамедқызы егемендік алғалы жазылған екінші операның — тарих, мәдениетіміз үшін елеулі оқиға екенін айтты.ХІ ғасырдан бері ұмытылмай, аңыз болып жеткен Домалақ ана туралы дүйім жұрт біледі. Даналығымен есте қалған Нүриланы халық – «Дихнат мама», яғни әулие ана деп атаған екен. Қойылым композиторы Тасқын Жармұқамет операны жазу барысында тарихи деректерге сүйене отырып, кей тұстарына көркемдік жағынан өзгеріс енгізілгенін айтты.Наурыздың 5-і күні көрермен қауым Тасқын Жармұқаметтің «Домалақ ана» операсымен қауышады. Бұл қойылым Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналады.
Айғақ-ақпарат