Түркістанда оқушылар сарайы жұмысын бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Қазақстан халқына Жолдауында «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. Балалардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды іс». Жолдауда көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Түркістан қаласында Оқушылар сарайы бой көтерді. Облыстық Оқушылар сарайының құрылысын «Самұрық-Қазына ұлттық әл ауқат қоры» жүргізді. Оқушылар сарайының аумағы 12 мың шаршы метр. Ғимарат заман талабына сай жабдықталған. Жұмысын бастағалы жатқан Оқушылар сарайы мүмкіндігі мен үйірмелерінің жұмысын, жетекшілерін таныстыру мақсатында «Ашық есік» күнін өткізді. Білім ордасының тәжірибелі ұстаздары әртүрлі бағыттағы студиялар мен үйірмелердің жұмысымен таныстырды. Оқушылар сарайында жас жеткіншектеріміздің шығармашылық қабілетін дамытып, бос уақытын тиімді ұйымдастыруына барлық мүмкіндік жасалған. Мұнда Технопарк, «Sana» IT орталығы, Өнер орталығы (кескіндеме, қолөнер, зергерлік өнер, мүсін және керамика, былғары жұмыстары, суретші), Тіл үйрету орталығы (5 шет тілі), Ғылым орталығы (Республикалық физика-математика мектебіне, Білім инновация лицейіне, Назарбаев зияткерлік мектебіне, Дарын мектептеріне түсу үшін оқушыларды дайындайды), Шығармашылық орталығы (вокал, актерлік өнер, сатира өнері, би, дәстүрлі ән, аспаптарда орындау), шахмат, балалар тележурналистикасы, анимация, фото-бейне түсірілімдерді монтаждау барлығы 60-қа жуық үйірме жұмыс істейді. Оқушылар сарайында 1000-нан аса оқушының қосымша білім алуына мүмкіндік бар.