Қазақстанда баланың тұрған орнын анықтауға мүмкіндік беретін «Тап мені» жүйесі іске қосылады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл — баланың жүрген жерін анықауға мүмкіндік беретін «Тап мені» балалардың қауіпсіздік жүйесі. Ол – Bluetooth желісінде жұмыс істейтін трекерлерді мониторингілейтін мобильді қосымша. Қосымша ата-аналардың смартфонына орнатылады. Ал трекерді баланың киіміне немесе мектеп сөмкесіне жапсырып қоюға болады», — деді ол ведомствоның баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барысында. Нұрділдә Ораздың атап өтуінше, баламен байланыс жоғалған жағдайда ата-аналары қосымшаның трекер шамшырағын іздеу режимін қосады. «Сонымен қатар жүйе Жедел басқару орталығымен ықпалдастырылған. Демек, баланы іздеу туралы дабыл автоматты түрде полицияға да түседі», — деді Нұрділдә Ораз.