ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен волонтерлер жылының жабылу рәсімі өтті. Елдегі карантиндік шектеулерге байланысты онлайн түрде өткен шараға Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов және аймақтағы еріктілер қатысты-, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысының алдында Түркістан облысының еріктілері атынан сөз сөйлеген Олжас Мамыр Арыстағы апат пен Мақтааралдағы су тасқыны кезіндегі еріктілердің еңбегі жайлы айтып өтті. Төтенше жағдай кезінде жылдам әрекет етуді үйреткен үлкен тәжірибемен бөлісіп, түркістандық еріктілер атынан Мемлекет басшысына ұсынысын жеткізді.
«Халқымызда «Апат айтып келмейді» деген сөз бар. Биылғы қыста қар қалың болады деген болжам бар. Соның салдарынан көктемде ауыл-аймақтарды су басуы мүмкін. Мұндай төтенше жағдайларға волонтерлік құрылымдардың дайын болғаны абзал. Сондықтан волонтерлерге төтенше жағдаймен күресті үйрететін оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуді ұсынамын. Апат болуы мүмкін аймақтарды зерттеп, алдын алу жұмыстарына еріктілерді жұмылдырса», — деді ол.
Волонтерлер жылының жабылуында Түркістан облысы басшылығы жас ерікті Айдана Есіркепті Ерен еңбек номинациясы бойынша «Жомарт жүрек» сыйлығымен марапаттады. «Қазақстан волонтерлар лигасы» Түркістан облыстық филиалының төрайымы 900 жуық волонтерлармен жұмыс жасайды. Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай кезінде жедел топпен бірге мыңнан астам жедел волонтерлар жасағын құрған.
Еріктілер халыққа алғашқы көмек көрсетіп, құжаттарды жинау және жапа шеккендерді көшіріп, азық — түлікпен қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысты. Мақтааралдағы су тасқыны кезінде де Түркістан облысының еріктілері тынымсыз көмек көрсетті. Пандемия уақытында волонтерлар тобымен медициналық маскалар таратып, індеттің алдын алу шаралары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.