Ұстаз тәрбиелеудің үздігі — Оңалбай Аяшев 70 жаста.Тектілікті тұғыр еткен тау тұлғаның мерейлі өзі басшылық еткен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде атап өтілді. Қара шаңырақтың қазанында біте қайнасып, талай жыл еңбек еткен арда азаматты ұжымдастары мерейтойымен құттықтап, үлкен құрмет көрсетті. Оңалбай Аяшев – көрнекті қоғам қайраткері. «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері. Сонымен қатар облыстық мәслихаттың депутаты. Талай жыл Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетін басқарған. Ол университеттің техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлді. Бес бірдей студенттер үйін салуға мұрындық болып, жаңарған, жаңғырған оқу ордасының ісін өрге домалатты. Ғылым жолында еңбек еткен Оңалбай Аяшев ҚР ұлттық ғылым академиясының академигі атанды. Сондай-ақ ұжымдастары ұстаздарын ұлықтап, ән-жырдан шашу шашып, тарту-таралғыларын табыс етті.
Адам өмір жолының асқар да биік белесі – жетпістің шыңына шығып отырған Оңалбай Аяшұлын барша Оңтүстік жұрты зиялы да ардақты азамат ретінде таниды. Білім ордасын басқару үшін, біліктілікпен қатар үлкен жауапкершілік қажет. Болашақтың бағдарын айқындайтын ұлатты ұстаздарды дайындауға үлкен үлес қосқан елағасының еңбегі қашанда жадымызда.
Оңалбай Аяшұлы өзінің еңбек жолында еңбексүйгіштігімен, айрықша белсенділігімен ерекшеленіп, нағыз азаматтық қасиеттерге қол жеткізді. Бүгінде үлкен ұжымның ыстық ықыласына бөленіп, білім мен ғылым саласын қатар ұстап, абырой мен зор беделге ие болған абзал жанның бірі. Сондай-ақ шара барысында еліміздің түкпір-түкпірінен зиялы қауым өкілдері арнайы құттықтау видеоларын жолдады .Олардың қатарында Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты, ақын, драматург Исраил Сапарбай, дінтанушы, шығыстанушы, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар қажы Дербісәлі сынды бірқатар елағалары бар. «Ұлықты ұлықтаған ұстаз» атты мерекелік кеш Оңалбай Аяшұлының оңды істерін еске алып, келер ұрпаққа үлгі етумен жалғасын тапты.