Сайрам ауданына қарасты Қарамұрт ауылдық округі әкімдігі ішінен сервистік қызмет көрсету орталығы ашылды. Мұнда ауыл тұрғындарына қажетті мемлекеттік қызмет түрлері көрсетіледі. Сондай-ақ орталықта шешімін таппай, халықты толғандырып жүрген мәселелер мен ХҚКО-на қатысты құжаттарды осы жерден алуға мүмкіндік бар. Аталмыш кеңсе толықтай қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Осы орайда халықтық кеңсенің жұмысымен аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков танысты. Айта кету керек әкімдік жанындағы кеңседе ауылдық әкімдіктің бекітілген мамандары жұмыс жасауда.
Бұған дейін жергілікті тұрғындар білім, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы, жер қатынастары бойынша туындаған мәселелермен аудан орталығына қатынап салалалық мекемелердің табалдырығын тоздыратын. Сөйтіп жүріп, уақытын жоғалтатын. Енді олай сабылудың қажеті жоқ. Барлығын бір жерден тындыруға болады. Бұдан өзге Қарамұрт ауылдық округінің әкімі өз жұмыс кабинетін жергілікті ардагерлер кеңесіне ұсынған. Яғни ауыл ақсақалдары мұнда жергілікті жердегі мәселелерді талқылап шешім жолдарын қарастырады. Ауыл округіндегі осындай бастамаларға қанық болған аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков бұл күні жергілікті ауыл тұрғындарының және салалық бөлім басшыларының қатысуымен жиын өткізсе, басқосуда тұрғындарды толғандырған әлеуметтік мәселелерді шешу тетіктері талқыланды.