Жалпы өңірде тіркелген қылмыстар саны азайып, ашылу көрсеткіші артқан. Екі миллионнан астам халқы бар облыс еліміз бойынша қылмыс аз жасалатын аймақтар қатарында тұр. Яғни, облыста қоғамдық-саяси ахуал, криминогендік жағдай тұрақты.
Облыста есірткімен күрес жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бірақ есірткіге елітіп, тұзағына түсіп қалушылар аз емес. Сонымен қатар, бүгінде есірткінің синтетикалық түрлері де көбейген. Полиция қызметкерлерінің жыл бойына жүргізген есірткіге қарсы күрес жұмыстарының нәтижесінде 343 қылмыстық құқықбұзушылық тіркеліп отыр. Тағы бір айта кетер жайт, биылғы жылы өңірде жол апаты 10,4 пайызға азайған.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына жолдаған Жолдауы негізінде қазір ауқымды жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұл бағытта облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының қолдауымен облыс орталығын «Қауіпсіз қалаға» айналдыру жобасын қолға алдық. Қазір қалалық, аудандық тәжірибелі полиция қызметкерлері Түркістан өңіріне жұмылдырылды. Олармен күнделікті тәртіпсіздік пен құқықбұзушылықтың алдын алуға байланысты жұмыстар атқарылуда. Ал, өзім кез-келген азамат үшін есігімнің ашық екенін айтқым келеді. Тіпті әлеуметтік желіде де тұрғындармен «кері байланыс, ашықтық» орнату үшін жеке парақша аштым. Жағдайдың барлығын өз бақылауымда ұстауға барымды саламын – деді Қайрат Дәлбеков.
