Облыс орталығы Түркістан қаласын көріктендіру, көгалдандыру мақсатында қала аумағы бірнеше секторға бөлініп, барлығында абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен шаһар аумағы аудан-қала әкімдіктеріне бөлінген. Айталық Ордабасы ауданына бекітілген 13-ші секторда 13 көше болса, соның ішінде ауданға абаттандыру үшін белгіленген жолдардың жалпы ұзындығы 7 шақырымды құрайды.
Қазіргі таңға дейін 13-ші сектор аумағында 4500- ден астам шырша, терек, қара ағаш сынды сәндік көшеттер отырғызылып, оларды суару жүйелері де орнатылған. Бұл аумаққа жалпы 6 мыңнан астам көшет отырғызу жоспарланса, Ордабасы ауданының еңбек ұжымдарынан құралған топтар алдағы екі апта уақыт ішінде аяқтауға жақын. Ал мұндағы жұмыстарды жүзеге асыру «Темірлан абаттандыру» мекемесіне жүктелсе, аудан басшылығының ұйымдастыруымен өзге де мекемелер игі іске ат салысуда. Мәселен бұл күні Ордабасы аудандық білім бөлімі мен спорт мекемелері де көгалдандыру шарасына белсенді қатысып, 360-қа жуық белсенді азаматтар облыс орталығына жас көшеттер отырғызды.