Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов «Бекзат» мөлтек ауданы тұрғындарымен кездесіп 12 көшеге биыл жыл соңына дейін тас төселетіндігін жеткізді. Себебі аталмыш елді мекендегі ең өзекті мәселе нақ осы жолдардың жайы болатын. Яғни, 45 мыңнан астам тұрғыны бар «Бекзат» шағын ауданында ғы көшелердің басым бөлігі топырақ жолдар санатында. Бұл жағдай әсіресе жауын-шашынды күндері елді мекенге жедел жәрдем көліктерінің келуіне кедергісін келтірсе, мектеп оқушылары батпақ жолдармен қатынауға мәжбүр болып келген. Сондықтан осы мәселеге байланысты қалалық бюджеттен қаржы қаралып жыл соңына дейін жергілікті жердегі 12 көшеге шағал тас төселетін болады. Айта кету керек Түркістан қаласы бойынша жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Осы орайда 2020 жылы жол саласында атқарылған жұмыстардың нәтижесі мынадай: Асфальт жабындысы төселген көшелер ұзындығы 367 шақырымға жетіп 43,5 пайызды құраса, шағал таспен қамтылған жолдар
364 шақырымды құрап 43 пайызға жетіп отыр. Ал облыс орталығындағы топырақ жолдардың жалпы ұзындығы
113,7 шақырым болса, бұл қала көшелерінің 13,5 пайызын құрайды. Тек биылғы жылдың өзінде Түркістандағы асфальт жолдар үлесі 13,1 пайызға өскен.