Түркістан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерімен карантиндік шектеу шараларын ұзарту туралы қаулыға өзгерістер енгізілді.
Қаулыға сәйкес 25 қазаннан бастап облыс аумағындағы сауда орталықтарының, сауда үйлерінің (бутиктердің) және азық-түлік және азық-түлік емес жабық базарлардың қызметі 4 шаршы метрге 1 адамнан келетін сыйымдылықпен сенбі күндері де сағат 09.00-ден 17.00-ге дейінгі уақыт шектеуімен жұмыс істеуіне рұқсат етіліп отыр.
Жаңадан қабылданған қаулыға сәйкес, санитарлық-дезинфекциялық режимді күшейтіп, әлеуметтік арақашықты және маска кию режимін сақтай отырып, 30 пайыздан асырмай толтырумен кинотеатрлардың қызметіне де рұқсат етілді. Бұл туралы Түркістан облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бастығының орынбасары Алдарқұл Ахметов мәлім етті. Сонымен бірге, департамент өкілі эпидемиологиялық жағдайға байланысты аймақ тұрғындарын карантиндік және санитариялық-дезинфекциялық талаптарды мұқият сақтауға шақырды. Кез-келген мерейтойлар, еске алу, шығарып салу, құдалық, той, беташар және тағы басқа жиындарды өткізуге тыйым салынады. Алайда, шектеуге қарамастан облыс көлемінде той жиын жасаушылар азаймай тұр. Айталық, 7 шілдеден бері өңірде осындай 327 жағдай тіркеліп, шектеу шараларын елемегендерге айыппұл салынған.
Сонымен қатар, мамандар әр жеке тұлға жеке бас гигиенасын сақтай отырып, көшеде, қоғамдық орындарда, адамдар көп жиналатын объектілерде міндетті түрде бетперделік режимді және әлеуметтік ара қашықтықты сақтау қажеттігін ескертеді.