Бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Үндістанның «Monnet» компаниялар тобының негізін қалаушы және Басқарма төрағасы Сандип Джаджодиямен (Sandeep Jajodia) кездесті.
Үндістан компаниясы Павлодар облысында ферросилиция шығаратын металлургиялық зауыт салуды жоспарлап отыр. Зауыттың өндірістік қуаты алғашында жылына 15 мың тонна болса, кейін 50 мың тоннаға дейін арттыру көзделген. Инвестицияның алдын ала көлемі басында 50 млн. долларды құраса, екінші кезеңде 200 млн. долларға дейін жеткізіледі. Зауыттың негізгі өнімі экспортқа шығарылмақ. Аталған компанияның инвестициялық операторы – ҚР Сыртқы істер министрлігінің «Қазақинвест» АҚ.
Сондай-ақ, Павлодар облысының Екібастұз индустриялық аймағы аумағында өнеркәсіпті энергетикалық қолдау мәселелері, сонымен қатар шикізатты жеткізушілердің мүмкіндіктері талқыланды.
Анықтама: Monnet Group компаниясының негізі 1994 жылы қаланды. Негізгі қызмет бағыттары кеуекті темір, болат және ферроқорытпа өндірісі және маркетингті қамтиды. Компания меншігінде ферроқорытпа (ферромарганец, ферроалюминий, феррохром) өндірісі бойынша 3 зауыт бар. Сондай-ақ компания көмір және темір кені сияқты пайдалы қазбалар өндірумен, көмір шаю және ішкі қажеттіліктері үшін электр қуаты өндірісімен айналысады. Тау-кен өндіру саласындағы жобаларға салған инвестициясының жалпы көлемі 1,2 млрд. АҚШ долларынан асады.