Жазатайым оқиғадан 4 адам қайтыс болды. Бұл Шымкент қаласында тіркелген жағдай. Оған себеп, кейбір өндіріс орындарындағы сақталмаған қауіпсіздік ережесі. Биыл Шымкент қаласында 30 өндірістік жазатайым оқиға орын алды. Оның үшеуі кәсіподақ ұйымы бар екі кәсіпорынға тиесілі. Атап айтсақ, «Шымкентцемент» Акционерлік қоғамы және «Фиркан» ЖШС-і. Аталған оқыс оқиға ақпан және сәуір айларында орын алып, 5 қызметкер жеңіл жарақаттанған. Ал, жалпы қала бойынша өндірістік орындарда 34 азамат зардап шексе, оның ішінде 11-і ауыр жарақат алып, 4 адам қаза тапты. Өкінішке орай, осындай жазатайым жағдайлардың саны әлі де азаймай тұр. 2018 жылдан бастап «Шымкент қаласының әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастырын реттеу» жөніндегі комиссия құрылған болатын. Ондағы мақсат – жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы келісімді нығайту, жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу және даулы мәселелерді шешу.
Еңбек кодексіне ағымдағы жылдың 4 мамырында өзгерістер енгізілді. Нақтырақ айтсақ, еңбек шартын жасасу, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат негізінде жүргізілетін болады.
Заңсыз әрекетке жол жоқ. Егер жұмыс беруші қол астындағы қызметкерін жұмыстан шеттетіп, келісімсіз әрекет жасаса, еңбек инспекциясы басқармасына шағындана алады. Бұл бойынша 8 (7252) 27-38-44 байланыс нөмеріне хабарласа аласыз.