Түркістан қаласына «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек арнайы іссапармен келді. Ол «Nur Otan» партиясының Түркістан қаласы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы талқыланған мәжіліске қатысты. Мәжілісті «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев жүргізіп отырды.
Ол өңірде праймеризге қызығушылық жоғары болғанын мәлімдеді. Сонымен бірге барлық аудан, қала бойынша сайлауалды бағдарламалар әзірленгеніне тоқталды, — деп хабарлайды «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі
Жиын барысында қала әкімі, «Nur Otan» партиясы Түркістан қалалық филиалының төрағасы Рашид Аюпов «Nur Otan» партиясының Түркістан қаласына арналған сайлауалды бағдарламасының жобасы туралы баяндама жасады.
Жоба аясында халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын үнемі жақсарту үшін дамудың жеті басымдығы атап өтілді. Атап айтсақ, экономикалық тұрақты аймақ; ыңғайлы аймақ; әлеуметтік қызметке бағдарланған аймақ; жастарға арналған аймақ; мәдениеті мен тарихы бай аймақ; ашық және есеп беретін жергілікті органдар; қауіпсіз аймақ деген бағыттар бар.
Осы мақсаттарды жүзеге асыруда жаңа жұмыс орындарын құру, кәсіпкерлерді қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту, туризм саласының дамуына ерекше басымдық беру сынды бірқатар мәселелер қамтылған.
«Ашық және есеп беретін жергілікті органдар» жобасы бойынша «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұстанған Халықтық әкімдік ғаламтор желілерінде белсенділігін жоғалтпай келеді. Жуық арада 109 қызметі әкімдікте іске асқалы отыр. Бұл жергілікті атқарушы органға келіп, уақыт жоғалтпауға сеп болады», — деген Рашид Абатұлы халық көкейіндегі мәселелердің шешілуінде кері байланыстың маңыздылығын атап өтті.
Бауыржан Қыдырғалиұлы тұрғындардан түскен қандай да ұсыныстар маңыздылығына қарай қарастырылуы қажет екенін айтып, Түркістан қаласының праймеризге қатысудағы белсенділігі үшін алғыс білдірді. Елбасы, партия Төрағасы тарапынан Түркістанға ерекше көңіл бөлініп жатқанын да атап өтті. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды тиімді пайдаланып, қаланы көркейту жұмысы жандануы тиіс. Бұл ретте «Nur Otan» партиясы тарапынан да жұмыс жалғаса бермек.
Жергілікті партия белсенділері мен БАҚ өкілдерімен пікір алмасқан Бауыржан Байбек партия қоғамдық пікірді тыңдауға әрдайым дайын екенін жеткізді.