Биыл Қазақстан Мәслихаттарына, Ассамблеяның құрылғанына — 25жыл. Бұл тізімді Азаматтық қорғау органдары жалғастыруда. 19 қазан күні – құтқарушылар мен қорғаушылардың халыққа қызмет еткеніне 25 жыл толады. Айтулы күн пандемияға байланысты дүркіреп өтпесе де, өз ерекшеліктерімен есте қалмақ. Жоспарланған шаралардың алғашқысы басталып та кетті. Ең алдымен батырларға тағзым етіліп, ардагерлерге құрмет көрсетілді.
Уалихан Мелдебекұлы – көп жылдар бойы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар Департаментін басқарған. Ұзақ уақыт бойы ең жауапты лауазымдардың бірінде жұмыс жасап, әріптестерінің құрметіне ие болған. Осы саладан зейнетке шыққан ардагер әр жыл сайын өзі қызмет еткен мекемеге келіп тұрады екен. Бүгін де Департаменттің қадірлі қонағы болып, қазіргі жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар Департаментінің бүгінгі мүмкіндіктерін жоғары бағалады.
Құрмет көрсету шарасы Абай атындағы саябақта жалғасты. Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Осыдан екі жыл бұрын ашылған белгіде құтқарушы 4 азаматтың есімі қашалып жазылған. Олар өз өмірлерін өлімге тігіп, тұрғындарды қауіпті жағдайдан аман алып қалғандар. Қызметіне берілген, халқына адал болған осындай ержүрек азаматтар әрқашан құрметке лайық. Ерліктері ұмытылмайды, бүгінгі жастарға үлгі.
Өрт сөндіру қызметкерлері отты сөндіру кезінде өзіне жүктелген жауапкершілікті толық сезінеді. Сондықтанда, халықтың қауіпсіздігі олар үшін басты орында.