Әкімдердің жалақысы қанша? Халықты қызықтыратын бұл сұраққа енді әкімдер өздері жауап береді. Өйткені, елімізде «Ашық әкімдік» жобасы іске қосылған. Сонымен қатар, «Жемқорлық бізге – жат!» акциясы да жүзеге асып, халық пен билік арасындағы ашықтықты қолға алып жатыр.
Әкімдердің жұрттан жасырып, табыс көзін айтпайтын заманы артта қалды. Қазір барлығы басқаша. Билік пен халықтың арасында ашықтық болуы қажет. Бұл қоғамда қолға алынып жатқан түрлі жобалар арқылы жүзеге асырылуда. Дәл осындай бастаманы Шымкент қаласында алғаш болып Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов қолға алды. Яғни, бүкпесіз ай сайынғы алатын жалақысын жайып салды.
Мәуленқұловтың алатын жалақысы 380 мың болса, одан зейнетақы қорына, медициналық сақтандыруға, тағысын тағыларға 80 мыңдай ұстап қалады. Сөйтіп, қалған 300 мыңға балдық шкала есебінен 50 пайыз тағы қосылады. Содан бас-аяғы 450-500 мыңдай қаражатты әкім қолына алады.
«Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жани Қамбардың айтуынша, «Ашық әкімдік» жобасы ашықтық, қолжетімділік, қызмет көрсету сапасы және ыңғайлы алаң ұйымдастыруды көздейді.
Адалдықты қолға алған жобаның басты мақсаты – әкімдердің айлығын айқай салып айту емес, жалпақ жұртқа жариялау да емес. Тек ашықтық болса дейді. Өйткені, биліктегілердің халықтан бұғып қалары болмауы тиіс.