Бүгін 1 қазан — Халықаралық қарттар күніне орай аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков ардагер Ділдан Исабек пен Күлімкүл Ахметованың шаңырағына арнайы барып, оларды мерекемен құттықтап, естелік сыйлық ретінде газ пешін тарту етті. Ділдан Исабек ұзақ жылдары ветеринария саласында қызмет жасап қазіргі таңда бейнеттің зейнетін көріп отырған қазыналы қария.
Сондай-ақ, аудан әкімі Ержігіт Шәріпбекұлы еңбек ардагері Тілес Арынбековтің де шаңырағында болып, мерекемен құттықтап, облыс әкімінің құрмет грамотасын табыс етті.
Еңбек ардагері Тілес Ыбырайұлы арнайы мерекемен құттықтауға келген аудан басшысы Ержігіт Шәріпбекұлына алғысын білдіріп, батасын берді.
Тілес Арынбеков еңбек жолын аудандағы автотранспорт мекемесінде жауапты басшылық қызметтер атқарған. Аудандық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Бәйдібек ауданының құрметті азаматы. Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасарлары, ауыл әкімдері, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, еріктілер аудандағы ауылдық округтердегі ардагерлердің үйлерін аралап, мерекелік естелік сыйлықтар табыс етуде.