Мемлекет басшысының Жарлығымен Асқар Жұмағалиев Қазақстанның Нидерланд Корольдігіндегі Елшісі қызметіне тағайындалды.
1972 жылғы 2 тамызда Оренбург облысында туған. Алматы энергетикалық институтын (1996 ж.), Қазақ ұлттық техникалық университетін, Қазақ гуманитарлық-заң университетін (2002 ж.) бітірген. Лозаннадағы Швейцария Федералды технологиялар институтының электронды басқару магистрі.
Еңбек жолын 1996 жылы «Жарық» ЖШС Бас директоры ретінде бастаған. 1998-2000 жылдары Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінде жұмыс істеді. 2000 жылы «Республикалық телекоммуникациялық тарифтік биллинг орталығы» РМК Басқармасының басшысы болды. 2001-2003 жылдары Байланыс саласындағы мемлекеттік қадағалау басқармасының басшысы, Байланыс және ақпараттандыру комитеті төрағасының орынбасары болды.
2003-2006 жылдары ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінде Төрағаның орынбасары және Төраға лауазымында жұмыс істеді. 2006-2010 жылдары «Қазақтелеком» АҚ президенті қызметін атқарды.
2010-2012 жылдары ҚР Байланыс және ақпарат министрі болды. 2012-2014 жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрі. 2014 жылғы наурыздан тамызға дейін ҚР Байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы. 2014 жылы ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары болды. 2015-2017 жылдары «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы қызметін атқарды.
2017-2019 жылдары – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі. 2019 жылғы ақпаннан маусымға дейін ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметін атқарды.
Қазақстанның Нидерланд Корольдігіндегі Елшісі болып тағайындалғанға дейін 2019 жылғы маусымнан 2020 жылғы шілдеге дейін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болды.