Түркістан облысына сапары барысында Елбасы Түркістан қаласының халықаралық әуежайының ашылу салтанатына қатысты, — деп хабарлайды elbasy.kz
Халықаралық әуежайдың құрылысы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асырылды. Қаладан 20 шақырым жерде орналасқан әуежай халықаралық стандарттарға сай заманауи технологияларды қолдана отырып салынған.
Оның құрылысына 102 бірлік арнайы техника мен 300-ден астам құрылысшы жұмылдырылды. Жалпы ауданы 905 гектар болатын халықаралық әуежайдың қызмет көрсету әлеуеті жылына шамамен үш миллион жолаушыны құрайды.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қолдауымен салынған жаңа спорт нысанын аралап көрді. Стадионның трибуналары жеті мың көрерменге арналған. Ашық аренаның батыс және шығыс трибунасы бар. Спорттық ғимаратта акробатика, бокс және ауыр атлетика жаттығу залдары орналасқан.
Сапар барысында Елбасы концерттерге, театрландырылған қойылымдарға, байқауларға, ғылыми конференцияларға және басқа да іс-шараларға арналған көпфункционалды мәдени нысанды аралады.
Жаңа ғимаратта бір мың орындық көрермен залы, төрт дайындық бөлмесі, әкімшілік кеңселер және балаларға арналған ойын бөлмесі орналасқан.
Сонымен қатар ғимаратты аралап көру кезінде Нұрсұлтан Назарбаевқа «Жаңарған Ел – бақ қонған Ел» бейнеролигі көрсетілді.