13 мамыр күні Қасқасу өзенінің суы тасып, апаттық жағдайдағы төрт көпір жарамсыз күйге түскен болатын. Ауыл тұрғындары аудан орталығына су кешіп қатынауға мәжбүр еді.Төтенше жағдайларды реттеу бойынша облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, төрт бірдей көпір қалпына келтірілді.
Естеріңізде болса, 13 мамыр күні толаусыз жауған жауын-шашынның салдары халықты әбігерге түсірген болатын. Жолдар жарамсыз күйге түсіп, үй аулаларын шайып, қоралар құлаған еді. Соның бірі Аралық, Кемерлік, Сығанақ көше бойларын байланыстырып тұрған жол тораптары жеңіл көлік түгілі жаяу жүргінші өте алмайтын жайға түскен болатын. Базынасын айтқан тұрғындарға уәде берген Төлеби ауданының әкімі көпірлердің лентасын кесті.Көпір құрылысына облыстық бюжеттен 61 млн теңге бөлінсе, 23 млн теңге аудандық қазынадан қаралыпты. Бұдан бөлек, Төлеби ауданына қарасты жарамсыз, апаттық жағдайда 3 өтпел тіркелген. Ауа райының салқындауы жауын шашын мөлшері көбейген сәтте тағы да осындай жағдайлар қайталанбасы үшін аталмыш өтпелдердің сметалық құжаттары әзірленуде екен. Бұл туралы аудан әкімі Бауыржан Омарбеков мәлімдеді.Көпірді жөндеу барысында соңғы технологиялар пайдаланылған. Қазір жаңа көпірдің жүк көтерімділігі күшейтіліп, автокөліктер мен жаяу жүргіншілер қозғалысының қауіпсіздігі қамтамасыз етілді дейді құрылыс жұмыстарын жүргізген мекеменің басшысы.Көлік және жаяу жүргіншілер жолақтары кеңейтіліп, көпір құрылысының тұрақтылығы артып отыр. Онда қауіпсіздік белгілері қарастырылған және өзен арнасының тірек тұғырлары мен көпір іргетасы кеңейтіліп, көпірге тоғысатын жолдарға жөндеу жасалған. Құрылыс жұмыстары қазан айына дейін созылады деп жоспарланған болатын. Дегенмен, мерзімінен бұрын қолданысқа беріліп отыр.