Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдық мерекесі қарсаңында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында «Премьера» тұрғын үй кешені пайдалануға берілді.
Көпқабатты тұрғын үйдің ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов жаңа қоныс берекелі және ырысы мол үлкен ордаға айналуын тіледі.
«Өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасымен 298 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы 104 үй пайдалануға беріліп, 5800 отбасы жаңа пәтерлерге ие болады»,- деп қала әкімі құрылыс саласының қарқын алып келе жатқанын атап өтті.
«Премьера» тұрғын үй кешені «Нұртас» шағын ауданында орналасқан. Керамикалық кірпіштен салынған және бес қабатты екі тұрғын үйден тұрады. Пәтерлердің жалпы саны — 80, биіктігі — 3 метр. Тұрғын үй кешенінің ауданы 7 900 шаршы метрді құрайды. Үйлердің қасбеттерін әрлеуге травертин қолданылған. Бұл өз кезегінде кешенге классикалық көрініс береді.
Нысанның құрылысы «Бәйтерек «ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы – тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының бақылауымен жүзеге асырылды. Құрылыс кезінде 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтыған.
Тұрғын үйдегі пәтерлерді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның барлық бағдарламалары және «7-20-25» арқылы сатып алуға болады.