Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Жетісай қаласындағы қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков мәлімдеді, — деп хабарлайды aigak.kz тілшісі.
Бұл жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлігі»Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» бойынша тіркелген. Тергеу барысында кеңсеге тінту жүргізіліп, құжаттар, жабдықтар, компьютерлер және басқа да айғақты заттар тәркіленді. Полицияға Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарының 74 тұрғыны арызданған. Полицейлер жәбірленушілер санының әлі де артуы мүмкін екенін айтуда. Шығын көлемі анықталып жатыр.
Бүгінгі таңда Жетісай аудандық полиция бөлімінің базасында облыстық полицияның тергеу мен жедел бөлімшелерінің кәсіби қызметкерлерінен тұратын арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.
20 тамыз күні Шымкент қаласынан полиция бөліміне пирамида жасады деген күдікпен Жетісай ауданының тұрғыны ЖШС директоры жеткізілді. Сондай-ақ, оның екі сыбайласы, Мақтаарал ауданының тұрғындары ұсталды. Қазіргі уақытта осы қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Күдіктілер қамауда.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға «жеңіл ақша» табуды ойлап, кез келген бейтаныс адамдарға сенбеу қажеттігін ескертеді. Қаржы пирамидасының «құрбаны» болмас үшін қарапайым қырағылықты сақтап, күмәнді уәделерге сенбеу қажет.