Туризм көпшіліктің түсінігінде шетел асумен шектелетін сыңайлы. Олай деуге себеп те жоқ емес. Шекара асып демалуды жөн санайтындардың қатары көп. Ал, ішкі туризм жайында бірі білсе, бірі білмес. Оған себеп — ақпараттың аздығы мен жарнаманың жоқтығы шығар, сірә. Алайда аталған олқылықтардың орнын толтыру үшін біршама жұмыстар атқарылуда. Осы орайда Туризм басқармасы мен FlyArystan әуе компаниясының ұйымдастыруымен баспасөз-конференциясы өткізілді. Жиынға алыстан ат арылтып келген Қостанай, Павлодар, Өскемен өңірлерінің баспасөз өкілдері мен тур операторлары қатысты.
Алқалы жиында сөз бастаған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов ішкі туризмді дамыту үшін бар жағдайдың жасалып отырғандығын айтты.
Өткізілген шараның басты мақсаты — ішкі туризмді дамыту, өзге өңірлермен туристік байланыс орнату. Туризмнің дамуына FlyArystan әуе компаниясы да оң әсерін тигізбек. Оған дәлел компания ұсынған тиімді тарифтер мен қолайлы баға. Сондай-ақ, бірқатар өңірлерге тікелей рейстердің ашылуы.
Мәдениет пен руханияттың ордасы, тарихы терең Түркістан облысында шығыс стилінде салынған көне қалалар көп. Ескі емес, көне. Олай дейтініміз, ескірген қалалар қайта түлеп көненің көзіндей болып, жаңаша кейіпке еніп, шаҺар сәніне айналған. Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр. Сол себепті жас ұрпақ тарихи мекендерді көзбен көріп өссе, рухы биік болары анық. Түркістан облысы туризмнің тиегіне айналуы тиіс. Сенімді сапа мен қолайлы баға демалушыларға таптырмас мүмкіндік.