«Былтыр тамыз айында өткен саяси кеңесте Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні бағдарламасын ұсынды. Соған сәйкес 2020 жылдың 17 тамызы мен 3 қазаны аралығында партияның праймеризін өткізу міндеті жүктелді. «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы бұл саяси бәсекені ұйымдастыруға жоғары деңгейде дайындалды. 17-28 тамыз аралығында үміткерлерді ұсыну және тіркеу жүргізіледі. 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында үміткерлерді үгіт-насихат жұмыстарына дайындау, ал 7 қыркүйек пен 3 қазаны аралығында үгіт-насихат жүргізіліп, дебаттар өтеді. Праймериз 1 және 3 қазан күндері дауыс берумен түйінделеді», – деген Б.Дәулетұлы партияның облыстық және аудандық, қалалық филиалдары Түркістан облысында парймеризді тиісті деңгейде өткізу мақсатында жұмыс атқарғанын атап өтті.
Тіркелген кандидаттар – 105. Қалған үміткерлердің кандидатурасы да тіркелуде. Өтініш берген 340 үміткердің ішінде әйелдер – 73 (21,5%), 35 жасқа дейінгі жастар – 105 (30,9%). Үміткерлердің басым бөлігі, яғни, 24,7% білім және ғылым саласының өкілдері құрайды. Осы саладағы 84 азамат тіркелді. Сонымен бірге 61 кәсіпкерлік саласының өкілі құжат тапсырса, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін 31 азамат өтініш берді.
