Ағымдағы жылдың 7 айында Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласы бойынша 654 мың тонна өнім экспортталып, олардың жалпы құны 69,9 млн АҚШ долларына жеткен. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов баспасөз жиынында баяндады.
Түркістан облысында өндірілген өнімнің 35-40 пайызы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Мәселен аймақта биыл егіс көлемі өткен жылдан 17 мың гектарға артып, 846,1 мың гектарды құраса, тиісті меже 100 пайызға орындалған. Ал егістікті әртараптандыруға сәйкес биылғы жылы масақты және мал азықтық дақылдарға көңіл бөлінген. Нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда масақты дақылдардың егіс көлемі 18,7 мың гектарға артып, 250,5 мың гектарға жеткен. Тиісінше мал азықтық дақылдар егістігінің көлемі 11,5 мың гектарға ұлғайып, 212,7 мың гектарды құрап отыр. Сонымен бірге:
— Дәндік жүгері 45,5 мың га
— Күріш 3,9 мың га
— Мақсары 80,9 мың га
— Көкөніс 43,1 мың га
— Бақша 62 мың га
— Картоп 15,4 мың га
— Мақта 125,8 мың гектарға егілген. Ал күзгі дала жұмыстарын мерзімінде жүргізуге 39,2 мың тонна жанармай бөлініп, бүгінде агроқұрылымдардың сұранысына қарай, 2,2 мың тонна яғни 6 пайызы босатылып үлгерген.
Шілде, тамыз айларына бөлінген 21 мың тоннадан астам дизель отынының бағасы әр литріне 163 теңге болып бекітілсе, бұл нарықтық бағамен салыстырғанда 22 теңгеге арзан.
Минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 3,75 млрд теңге қаржы қарастырылып, тыңайтқыштың 500 түрі бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне қолдау көрсетілуде.
Осылай деген басқарма басшысы Нұрбек Бақтыбайұлы
Масақты дәнді дақылдардың орташа түсімділігі биыл гектарына 20,5 центнерден түсіп 513,2 мың тонна өнім жиналғандығын жеткізді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әр гектардан 1,1 центнерден жоғары болса 64 мың тонна дән қамбаға артық құйылған. Дәл қазір астық жинау жұмыстарымен қатар ауыл шаруашылығы дақылдарынан бүгінгі таңға:
— көкөністен 929 мың тонна (86%) өнім жиналса,
— бақша дақылдарынан 1 млн 282 мың тн (88%) өнім алынып үлгерген. Оған қоса ерте пісетін картоптан биыл 243 мың тонна өнім түсіп, ауыл шаруашылық дақылдары Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы және солтүстік облыстармен қоса Ресей, Беларуссия, Латвия елдеріне де экспортталған.