12 тамызда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына депутаттардың сайлауы өтеді. Еліміздің үшінші мегаполисінен үміткерлер саны үшеу. Бұған дейін, Сенат депутаты болып келген Айгүл Қапбарованың кезекті рет кандидатурасын қалалық мәслихат депутаттары ұсынды. Шымкент қаласының әкімдігінде өткен сайлау комиссиясының отырысында мұнан өзге өзекті мәселелер талқыланып, алдағы жоспар айқындалды. Бұл жолғы сайлау несімен ерекшеленеді? Халық үніне құлақ түрген үміткерлердің уәдесі қандай?
Иә, бұл жолғы сайлау бұрынғыдан өзгерек. Қатаң тәртіп барлығына ортақ. Санитарлық талаптар сақталып, қауіпсіздік басты назарда болуы тиіс. Осындай қиындықтарға қарамастан, сайлауалды науқан қарқын ала бастады. Өңірден ұсынылған үміткерлер өз бағдарламаларымен таныстырды. Атқарылатын қыруар істердің бар екендігі анықталып, алдағы жоспарлар жайында сөз қозғалды. Қаламыз үшінші мегаполис деп танылса да, түйіні шешілмеген түйткілді мәселелер баршылық. Оның бірі — баспана мәселесі. Қала бойынша 40 мыңнан астам отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 5 мыңы көпбалалы отбасылар.
Айта кетейік, Сенат депутаттығына үміткерлердің қатарында Айгүл Қапбаровамен бірге мектеп директоры Толқын Аюбаева, жеке кәсіпкер Бектай Орманов бар.
Сенат депутаттары әрбір облыстан , республикалық маңызы бар қалалардан 2 адамнан алты жылға сайланады. Дегенмен, олардың жартысы әр 3 жыл сайын қайта сайланып отырады. Сондай-ақ, 15 депутатты Президент бекітеді. Сенат депутаттары заң шығаруға тікелей атсалысатындықтан, үміткерлерге артылар сенім де жоғары болмақ.
Құлақ құрышын қандырған уәделер жоспарға сай атқарылса, біршама өзгерістер орын алуы бек мүмкін. «Боранды мезетте» берілген уәделер, тыныш күнде ұмытылмайды деп сенейік.