Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді, — деген халқымыздағы дана сөздің мәні осындай қиын-қыстау кезеңде өз иесін тауып жатыр. Тұтастайжер жаһанға жайылған қауіпті індеттен құтылудың нақ жолы тиісті емді қабылдай отырып, нормаларды сақтау десек, тарыққанда қол ұшын созған ардақты азаматтардың игілікті ісі де жүрегіңе жан жылуын себеді. Белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаеваның өзі көпке ой салды, сеңді қозғалтты. Өткен аптада Түркістан облысында «Nur Otan» Партиясының облыстық филиалының бастамасымен екі бірдей жоба қолға алынып, іске асырылып жатыр.
Ал, үнемі қайырымдылық шаралардың ұйымдастырушысы болып жүретін «Nur Otan» партиясының мүшесі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Сарыағаштың атпал азаматы Алмас Салимов ауылдағы амбулаторияны медициналық жабдықтармен қамтамасыз етті. Сарыағаш ауданының Жібек жолы ауылдық округіне қарасты Дихан баба елді мекеніндегі отбасылық дәрігерлік пунктке медициналық қажетті құрал саймандарды сыйға тартты. Нәубет кезінде көзсіз жаудан зардап шеккен тұрғындар үшін бұл көмектің де бағасы қымбат.