2019 жылдың ақпан айынан бері Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін абыроймен атқарып келген Қосман Қайыртайұлы 15 шілдеде мәңгілік сапарға аттанып кете барды. Облыс орталығы болған рухани астананың дамуына айрықша үлес қосқан Айтмұханбетовтің еңбегін ел біледі.
«Жүрек қан жылап тұр. Қазақстан еліне белгiлi азамат, құрметтi әрiптесім Қосман Қайыртайұлының дүниеден өтуін ауыр күйзелiспен қабылдадым. Қимастық сезімімді жеткізу қиынға соғуда…⠀», — деп әріптес досын еске алған Өмірзақ Шөкеев бұл қаралы хабардың ауыр болғандығын жеткізді.
Ал, қайғылы хабарды алғаш естірткен облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов: «Ол Түркістан облысы үшін қаншама жақсы және пайдалы іс жасай алды. Рухани астананың құрылысына қосқан үлесі орасан. Мен оны түнде жүргізіліп жатқан облыстағы құрылыс нысандарында бірнеше рет көрдім. Киімі шаң басса да, «шаршадым» деген бір ауыз сөзін естіген емеспін», — деп мейірімді жүзіндегі әдемі күлкісі естен кетпейтіндігін тебірене жазды.
«Қосман Қайыртайұлы Түркістан облысын қалыптастыруға айрықша еңбек сіңірді. Жаңа шаһарды тұрғызуға елордадан арнайы келді. Бас қаланы салудағы тәжірибесі мен ерекше еңбекқорлығы ескерілгені анық. Келген бойда білек сыбана кірісіп, өте аз уақытта жаңа Түркістанды жандандыруға барын салды. Елбасы қасиетті шаһарға сапарлап келгенде мұны атап айтып, баршаға алғысын білдірген еді«, — деп «Nur Otan» Партиясы Түркістан облыстық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев та өзінің фейсбуктағы парақшасында естелік қалдырды.
Иә, Қосман Айтмұханбетов журналистер үшін де әрдайым ақпаратымен ашық бөлісіп отыратын. Арыс апаты кезінде халықтың жанынан табылып, құрылыстың қарқынын қадағалады. Осындағы үйлердің, әлеуметтік нысандардың іргетасының қалану сәтінен бастап, 6 ай бойы тоқтаусыз атқарылған игі істің қасында орындаушысы бола білді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қызметтегі сенімді серігі, елінің елеулі азаматына айналды.
Мақтаарал ауданында орын алған төтенше жағдай кезінде де халықтың жанынан табылып, сағы сынған жұртты сабырға шақырып, ауыл-аймақ тұрғындарының ұсынысын ұтымды ұйымдастыра білді. Тәулік бойы аяғынан тік тұрып, мақтааралдықтарға қызмет етті. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке күнделікті жағдайды баяндай отырып, тығырықтан шығудың жолын қарастыруға түрткі болды. 2020 жылдың 6 мамырында Қосман Айтмұхаметов Мақтааралда жүрген сапарында «Айғақ» телеарнасының журналистеріне ағымдағы жағдайды баяндай отырып, сұхбат берген болатын. Өкінішке орай, бұл соңғы сұхбаттарының бірі еді .
Бейсен Тәжібаевтың әлеуметтік желідегі жазбасындағы тағы бір естелікті осында қалдыруға ұйғардық: «Мақтааралда да Қосман Қайыртайұлы күндіз-түні тынбастан жүгірді. Су басудың үшінші күнінде ауыл халқы шулап әкімдікке келді. Қосекең естіген бойда сыртқа атып шығып, барлығымен бетпе-бет әңгімелескен еді. Тіптен облыс әкімі Өмірзақ Естайұлына қоңырау шалып, телефон дауысын шығарып сөйлесіп, қабылданатын шешімді елге түгел естіртті. Мұндай ашық, анық жауаптан соң жиналған ел риза болып тарқаған еді. Қосман ағаның туралық, шыншылдық, кеңдік, жанашырлық, жауаптылық сынды асыл қасиеттері бәрімізге үлгі болатын.
Түркістан өлкесінде Қосман Қайыртайұлы Айтмұқамбетовтің қолтаңбасы, өшпес ізі қалды».
Иә, 57 жасқа қараған шағында мәңгілік сапарға кете барған Ерейментаудың ардақты перзенті Қосман Айтмұханбетовтің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын дейміз!