2020 жылғы 15 шілдеде ауданымызға белгілі хирург Спабеков Әлібек Өскенбекұлы 32 жасында дүниеден өтті.
Спабеков Әлібек Өскенбекұлы 1988 жылы 6 шілдеде Бәйдібек ауданы Шақпақ ауылында дүниеге келген. Түркістандағы Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін медицина мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2012 жылы Бәйдібек аудандық орталық ауруханасының хирургия бөлімінде хирург болып бастаған. Одан соң 2015-2018 жылдары Алғабас оңалту бөлімшесінің меңгерушісі қызметін қоса атқарды. 2018 жылдан бастап Бәйдібек аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары қызметін атқарып келді.
Өзінің қызметіне адал берілген дәрігер ретінде Әлібек Өскенбекұлы әрқашанда алғашқы қатарда жүріп, қиын сәтте өзінің дәрігерлік біліктілігін халыққа көрсетуге ұмтылып тұратын. Өткен жылы Арыс қаласында болған жарылыстан соң бір ай сол жерде болып, арыстықтарға көмек қолын созса, биылғы жылы бүкіл дүниені дүрбелеңге салған індетпен күресу үшін Шалдардағы провизорлық госпиталда алғашқы күннен бастап жұмыс жасады. Өзге азаматтарды өлімнен арашалаймын деп жүрген асыл азаматтың денсаулығы сыр берді.
Жарық жұлдыздай жарқ еткен әріптесіміз Әлібек Өскенбекұлының асыл бейнесі біздің жадымызда әрқашан сақталады.
Бәйдібек аудандық орталық аурухана ұжымы