Ауыл шаруашылығына бейім аймақтардың бірі саналатын Төлеби ауданы бойынша биыл 63 мың гектардан астам егістік жер игерілсе, оның 13 мың 900 гектарына бидай егілген. Ал, 8400 гектарын күздік астық алқабы құрайды. Сонымен бірге 7100 гектарға арпа өсірілсе, аймақта шілде айының 2-нен бастап астық ору маусымы басталған. Дәл қазіргі таңда егістік алқаптарында тізілген комбайндар алтын астықты ысырап қылмай, жиналған дәнді қамбаға құю үстінде. Нәтижесінде дәл қазіргі таңда ауданда орақ жұмыстарына жалпы саны 41 комбайн жұмылдырылып отыр. Осылай деген Төлеби аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Құттымұрат Тұрғымбаев биыл жеңілдетілген жанар-жағармай мен тыңайтқыштардың шаруаларға уақтылы жеткізілуі нәтижесінде бидайдың өнімділік көлем артып отырғандығын айтады.
