Күллі адамзатты әбіргерге салған COVID-19 індеті өте ауыр әрі жауыз тұрпатта ортаға шықты. Бұл аурудың емі мен оған қарсы вакцинасы әлі табылмады. Сондықтан, әлемдегі дамыған елдерді қоса алғанда көптеген мемлекеттерде бұл індет мыңдаған адамның өмірін қиюда. Өкінішке қарай, бұл қайғы бізді де айналып өтпеді. Арамызда осы ауру кесірінен жақындарынан, таныстарынан, әріптестерінен айырылған жандар да аз емес. Індет жас-кәріге қарамастан, адамдардың өмірін қылыштай қиып жатыр.
Сондықтан, 13 шілде – Президентіміз жариялаған Жалпыұлттық аза тұту күнінде бұл жауыз індеттен көз жұмғандарды еске алып, отандастарымыздың жаны мен денсаулығын сақтаймын деп өмірден озған медицина қызметкерлеріне тағзым ету баршамыздың парызы! Бұл күн – пандемиямен күресте халқымыздың бірлігі күні болу керек. Сонымен қатар, біздер үшін отандастарымыздың, олардың туыстарының және әріптестерінің өмірі мен денсаулығын сақтаудағы жауапкершілікті түсіну күні болу керек.
