Түркістан облысының Жетісай ауданында биыл ауыл шаруашылығы мақсатындағы 78 мың гектардан астам аумаққа егіс егілген. Соның ішінде 13 мың гектарын қауын, 4,5 мың гектарын қарбыз дақылдары құрайды. Осы орайда, бақша дақылдарын жинау маусымына мықтап кіріскен аймақ диқандары бүгінге дейін 105 мың тонна қауын, 78 мың тонна қарбызды сатылымға шығарып үлгерсе, өнімнің 60-70 пайызы Ресейге экспортталған. Ең бастысы, биыл өнімнің бағасы да шаруаларға қолайлы болып тұр. Яғни, қауынды алғаш болып жинай бастаған диқандар бастапқыда өнімнің әр келісін 400 теңгеге дейінгі көлемде саудаласа, бүгінгі нарық 50 мен 100 теңге аралығын қамтиды.
Ал, қарбыздың да бастапқы бағасы әр келісіне 160 теңгемен экспортқа шығарылса, бүгінгі бағам 30-40 теңге мөлшерінде тұр. Осыған орай, бүгінде әрбір ауылдық округ аумағында ұйымдастырылған өнім жинау пункттері арқылы қауын қарбыз өнімдері жүк көліктеріне тиеліп, Ресей, Беларусь елдеріне жөнелтілуде. Айта кету керек, Жетісайдың қауын-қарбыздары жергілікті нарықта да сұранысқа ие. Сондықтан, жергілікті өнімдер көршілес облыстардың нарығына да жөнелтіледі. Осылай деген аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Әбуов биыл аграрлы аймақта 500 мың тоннадан астам нақ осы бақша дақылдары өндіріледі деп күтіліп отырғандығын жеткізді.