Шымкент қаласында қауіпті індеттен 288 азамат жазылып шықты, оның 209-пневмониядан, 47-Коронавирус, 13-ОРВИ. Дәрігерлердің айтуы бойынша, қазіргі таңда олардың жағдайы жақсы. Осы орайда, қауіпті індетпен күресте аянбай тер төгіп жатқан қала дәрігерлерінің еңбегі зор. Мәселен, ауыр халде ауруханаға жеткізілген науқастардың бірі 4 тәулік жан сақтау бөлімінде жатып, күні кеше тиісті ем-домның арқасында дертінен толық айығып шықты, — деп хабарлайды «Айғақ-Ақпарат» тілшісі Шымкент қаласының ақпараттық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
82 жастағы Галина Хрущеваға дәрігерлер оның өкпесінің 90 пайызы зақымданғанын мәлімдеген. Бұған қоса науқастың өкпесінен қан кеткен. Денсаулық жағдайының ауырлауына байланысты дәрігерлер 30 маусым күні жан сақтау бөлімінде КОВИД-19 емдеу хаттамасына сәйкес медициналық көмек көрсеткен. Нәтижесінде қарт кісінің денсаулығы жақсарып, шілде айының 6 жұлдызында ауруханадан шығарылды. Айта кетсек, Шымкент қаласы бойынша КОВИД-19 инфекциясын жұқтырғандар саны бүгінде 3 555-ке жеткен. Жалпы елімізде қауіпті індетті жұқтырғандар саны — 48 574 адамды қамтып отыр. Бұл ретте, медицицина мамандары қала тұрғындарына қатерлі індеттің қауіпті екенін ескертеді. Сақтық шараларына салғырт қарамай, адамдар көп шоғырланатын орындардан аулақ болып, қоғамдық көліктерде, дүкендер мен тағамдану орындарында бетперде киіп жүруге шақырады. Сіздер де карантин талаптарына бой ұсынып, жақыныңызға жанашыр болыңыз.