«Сапалы жол» жобалық кеңсесінің мақсаты – автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау бойынша жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу. Өкінішке қарай, Тельмандағы Әуезов көшесінде кешеге дейін салынып келген асфальт жолдарының өзі бүгінгі талапты қанағаттандырмайтын болып шықты. Тексеру нәтижесінде кемшіліктер табылғаны рас. Мердігер «АршанСтрой» компаниясы 8 қабатты жол төсеу керек болса, алайда, жұқа асфальт жолына 4 қабат ғана төселген.
Мониторинг барысында мамандар арнайы жылжымалы зертхананы қолдану арқылы жолдың енін өлшеп, қалыңдығын анықтап, асфальтті-бетон жабынның көлік жүретін бөлігіне сараптама жүргізу үшін сынама алды. Алынған үлгілер арнайы сараптамаға жіберіліп, нәтижесінде салынып жатқан объектіге тиісті баға берілетін болады. «Жол Активтерінің Ұлттық сапа» орталығының сынақ зертханасының мамандарының айтуынша, бұзушылықтар анықталған жағдайда мердігерлерге олқылықтарды жою үшін мерзім белгіленеді, содан кейін жол учаскесін нұсқаманың орындалуы тұрғысынан қайта тексеру жүзеге асырылады. Тұрғынның шағымы мен адалдық алаңы жобасынан ескертулер мердігер ұйым тарапынан ескеріліп, олқылықтың орны толатын болып шешілді.

Қазіргі таңда, жобалық кеңсе жемқорлықты жою үшін қоғамдық бақылауды жүргізіп келеді. Адалдық алаңы жол сапасына үнемі жіті бақылау мақсатында 9 мониторинг жүргізіп, жол сапасының бұзылуына қатысты 61 кемшілік анықталған. Оны қалыпқа келтіру бойынша тиісті ұсыныстар жолданып, бүгінде, 16-сы жойылып отыр. Өз кезегінде «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жани Қамбар үшінші мегаполистің жолдары қатаң бақылауға алынып, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарына жылжымалы жол зертханалық көліктері арқылы тексеру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетіндігін жеткізді.
