Елімізде көптеген жұмыс орындары әлі де тоқтап тұр. Карантин режимінің талаптарына сәйкес, рұқсат берілмеген. Осы орайда, халықтың жағдайын жақсарту үшін қол ұшын созған Түркістан облыстық мәслихаттың депутаты Өркен Есей Сарыағаш ауданының Бағыс тұрғындарына шарапатын тигізді. Шалғай елді мекеннің 20 отбасына қаржылай сыйақыны табыстады. Көршілес Өзбекстанмен шекаралас жатқан Бағыс ауылына арнайы барған халық қалаулысы үлкендердің ақ батасын алып, мұң мұқтаждарын тыңдады. Сарыағаш ауданына қарасты Бағыс ауылы тұрғындарының басым бөлігі өндіріс орнында жұмыс істейді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығымен күн көріп отыр. Еліміздің басына түскен қиын қыстау кезеңде карантин режимін сақтау мақсатында жұмыс орындардың көпшілігі тоқтатылған. Осы тұста, әрқашан қолынан келгенше жақсылық жасауға асығатын Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, меценат Өркен Есей көмек қолын созғандығын айту керек. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің «Қамқорлық» жобасын жалғастырған атпал азаматтың игілікті ісіне тұрғандар ризашылық білдіріп, ақжарма алғысын жаудырды.
Қамқорлық — қазақтың қанында бар қасиет. Әрбір қазақ менің бауырым дейтін халық қалаулысы көмек көрсету үшін Түркістан облысының шалғай жатқан дәл осы ауылын таңдапты. Мұнда 230 жанұя қоныс тепкен. Осы тұста, әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі жандардың жанұяларының тізімі тізбектелген. Қамқорлықтың шарапатына ие болған 20 отбасының ішінде көпбалалы Қарлығаш Пернебай да бар. Жұбайы І топ мүгедегі, өзі жұмыссыз жан бұл көмек үшін алғысын жеткізді.
Түлкібас ауданының кәсіпкері Өркен Есей қайырымды іспен тұрақты түрде айналысып келе жатқан азаматтардың бірі. Ессей групп компаниялар тобының құрылтайшысы. Түлкібастағы туған ауылын түлетіп, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларға үнемі жәрдемін үзген емес. Халыққа қажетті нысандардың құрылысын жүргізіп, демеушілікпен айналысып келеді.