Кәмелетке толмағандарға қатысты құқыққа қарсы әрекеттерді анықтау бойынша Интернет желісіне мониторинг жүргізу кезінде ІІМ Криминалдық полиция және тергеу қызметкерлері кәмелетке толмаған қазақстандықтардың қатысуымен өз-өзіне қол жұмсау сипатындағы топ туралы ақпаратты анықтады, — деп хабарлайды «Айғақ-Ақпарат» тілшісі Қазақстан Республикасы ІІМ-нің баспасөз қызметінің таратқан мәлімдемесіне сүйене отырып.
Мәлімдеге сәйкес, өз-өзіне қол жұмсауды насихаттау бойынша оған қатысы бар адамдарды анықтау және ұстау үшін ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл орталығының және Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылған.
Тергеу нәтижесінде, полиция қызметкерлері интернет желісіндегі ұйымдастырушының жеке-бас деректері мен мекенжайын анықтап, қолына кісен салған. Осылайша, Арыс қаласы тұрғынының суицидтік топ «кураторы» екендігі анықталды
Тінту кезінде күдіктіден ноутбук, ұялы телефон, 3 қорап сим-картасымен және басқа да заттай дәлелдемелер алынды. Телефоннан суицидке бағытталған телеграм арналары табылды.
Қазіргі уақытта аталған жайт адам өлтіруге оқталу бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сот санкциясымен күдікті қамауға алынды.
Осы ретте, ІІМ ата-аналарды балаларының виртуалды өміріне бақылауды күшейтуге шақырады. Шұғыл қажетті шаралар қабылданатын осыған ұқсас жайттар орын алса, тез арада полицияға хабарлауды сұрайды.