Түркістан облысына қарасты 16 ауданда заманауи үлгідегі халықтық кеңселерде мамандар тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдарға нақты жауап беру мақсатында қызмет етуде. Яғни, әрбір арыз- шағым кезексіз осы жерде қаралып, тиісті мамандарға жолданады екен. Төлебиліктер аудандық сот ғимаратында орналасқан фронт-офисте заңгерлерден ақысыз түрде кеңес алуға мүмкіндіктері бар. Осы жылы жүзеге асырылған орталық облыс бойынша тек 4 ауданда ғана бар. Жүйелі жұмыстардың барысын ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мирас Қарғабай танысты.
Мәселен, Төлеби ауданына қарасты халықтық кеңсе 2019 жылдың 1 наурызында ашылып, 1 жыл көлемінде 221 арыз-шағым қаралған. Азаматтардың игілігі үшін қызмет ететін бұл орталықта жеке құрам және тергеу, әкімшілік полиция құрылымы, құжатамамен қамтамасыз ету бөлімінің мамандары жұмыс істейді.Төлеби аудандық Полиция департаменті басшысының мәлімдеуінше, жыл басынан бері қылмыс саны азайған. Төтенше жағдай кезінде өңірдегі блок-бекеттерде тәртіп сақшыларының қырағылықпен міндетін орындауының жемісі болар. Сонымен қатар, фронт-офистің нәтижелі жұмысының арқасында 200-ге жуық төлебилік заң аясында кеңес алған. Сайып келгенде, аудан тұрғындарының полиция қызметкерлеріне деген сенімділігі артқанын байқауға болады.
Ал, Төлеби ауданы әкімі аппаратының ғимаратында ашлыған халықтық кеңседе ауыл шаруашылығы, тұрғын үй қатынастары, сәулет, қала құрылысы және мемлекеттік қызмет салаларының мамандары отырады. Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес 2020 жылдың 12 наурызынан бастап орталық жұмысын бастаған. Дүйсенбі-жұма күндері аралығында жұмыс істейтін кеңседе 4 қызметкер келушілерге 3 ай көлемінде 600 ге жуық әртүрлі сала бойынша қызмет көрсеткен. Ең көп қойылатын сауалдар, ол сәулет, қала құрылыс саласы.